Accessibility links

Қазақстан мен Өзбекстан әскери жаттығу өткізіп, "заңсыз қарулы топты жойды"


Қазақстан мен Өзбекстан әскерінің Ташкент облысындағы әскери жаттығуы. Қазақстан қорғаныс министрлігінің сайтынан алынған сурет.
Қазақстан мен Өзбекстан әскерінің Ташкент облысындағы әскери жаттығуы. Қазақстан қорғаныс министрлігінің сайтынан алынған сурет.

Ташкент әскери округы полигонында Өзбекстан мен Қазақстан қарулы күштерінің "барлау мен шартты қарсыласты жою бойынша" бірлескен "Қалқан-2023" жаттығуы өтті. Бұл жөнінде Қазақстан қорғаныс министрлігі хабарлады.

Оқу-жаттығу жоспары бойынша, екі елдің бірінде шоғырланған заңсыз қарулы топ ықпалын кеңейтуге тырысады.

"Есірткімен заңсыз айналысатын топтардың қарулы қақтығысы шиеленістің одан әрі өршуіне әкеледі. Есірткі трафигінің бағыттарын қамтамасыз ету мақсатында көршілес елдің биік таулы аймақтарында тірек базаларын, қару-жарақ пен оқ-дәрілер салынған жасырын жерлерді құру әрекеттері байқалады. Деструктивті күштер Ангрен бағытында ерекше белсенділік танытады. Шекара нарядтарына оқ жаудырады" деп жазылған министрлік хабарламасында.

Хабарламадағы ақпаратқа қарағанда, жаттығу кезінде мемлекеттік шекараны қорғау нығайтылып, "шекара белдеуіндегі қарсыластың шағын топтарын жою бойынша қос мергеннің іс-қимылы пысықталған". Ал "негізгі бөлімшелерді қолдану аймақтарына жылжытуды барлау қызметі қамтамасыз еткен".

Қазақстан жағынан жаттығуға армия мен әскери көлік авиациясы, парашюттік даярлық орталығының мамандарынан барлығы 60 әскери қызметкер қатысқан.

Хабарламада сонымен бірге аталған жаттығу "бірлескен операцияға дайындалу және Қазақстан мен Өзбекстан қарулы күштері бөлімшелерінің бірлескен қарым-қатынасы барысында өзара іс-қимыл мәселелерін пысықтауға" бағытталғаны жазылған.

"Қазіргі кезде әлемнің түрлі аймақтарында тұрақсыздық, шиеленіс пен қарулы қақтығыстардың халықаралық қатынаста алдыңғы орынға шығуы және мұндай жағдайдың аймаққа жақын аумақтан байқалуы әскери саладағы ынтымақтастықты нығайтуды талап етеді" деп жазылған Өзбекстан қорғаныс министрлігі хабарламасында.

Жаттығу кезінде дрон арқылы "дұшпанның" ықтимал жасырынған жері де анықталып, соққы жасалған.

XS
SM
MD
LG