Accessibility links

Астанаға келген наразы режиссерлер министрлікке бірнеше талап қойды


Алматыда кинорежиссерлар мемлекет тарабынан ұлттық киноны қолдау үшін бөлінген қаражаттың дұрыс жұмсалмағанын айтып, кино саласындағы жемқорлықты жою қажеттігін алға тартты. Алматы, 12 мамыр 2023 жыл.
Алматыда кинорежиссерлар мемлекет тарабынан ұлттық киноны қолдау үшін бөлінген қаражаттың дұрыс жұмсалмағанын айтып, кино саласындағы жемқорлықты жою қажеттігін алға тартты. Алматы, 12 мамыр 2023 жыл.

Өткен аптада ұлттық фильмді қолдауға бағытталған мемлекеттік байқаудың қорытындысымен келіспей, митинг жасаған бір топ наразы режиссер Астанаға барып, 20 мамырда мәдениет және спорт министрлігіне барды. Бір күн бұрын мәдениет министрлігі режиссерлердің талабына байланысты тәуелсіз комиссия құрылатынын хабарлаған. Алайда наразы топтың өкілі Азамат Шарғынның Азаттыққа айтуынша, министрлік режиссерлердің талаптарының алғашқы бөлігін ғана орындап отыр.

– Олар байқаудан өтпей қалған 153 жобаны ғана тексереміз деп отыр. Ал біз әлгіннен бері байқаудан өткен барлық 130 жобаны да тексеруді талап етіп отырмыз. Біздің қолымызда кемінде 4 жобаның байқаудан заңсыз өткені жөнінде айғақтарымыз бар. Жоба иелері "бізді қателікпен өткізіп жіберген" деп мойындап отыр. Бұған қоса, біз тәуелсіз комиссияның құрамына тәуелсіз заңгерлерді, біз ұсынған депутаттарды кіргізуді де талап етіп отырмыз. Егер заңбұзушылықтар анықталса, жауапты тұлғалар жауапқа тартылсын деп отырмыз, – деді Азамат Шарғын.

Оның сөзінше, 20 мамырда олармен мәдениет вице-министрі Нұрғиса Дәуешов кездесіп, режиссерлер айтқан талапты талқылайтынын айтқан. Дегенмен ол министрліктің "байқаудан өтіп қойғандарды тексеруге құзыреті жоқ, жеңген жоба авторларының өздерін тексермеуді талап етіп отырғанын да" айтқан. Ал Азамат Шарғын мәселе тереңде жатыр деп санайды.

- Біз қазір өз жобамыздың өтіп кеткені үшін күресіп жатқан жоқпыз. Біз кешенді түрде әділетсіздікті жасап отырған, заңбұзушылықты жасап отырған адамдардың заңбұзышылықтары анықталатын болса, кетуін талап етіп отырмыз. Бұл әділетсіздіктің түбірінде кім тұр? Неге жыл сайын қайталана береді? Енді сол талаптарды орындағысы келмей тұр. Оны кім орындағысы келмей тұр. Кім кімді қорғап тұр? Осыны түсінуіміз керек болып тұр, - деді ол Азаттыққа.

Бір күн бұрын мәдениет вице-министрі Нұрғиса Дәуешов Facebook парақшасында кинематографистердің үндеуіне қатысты хабарлама жариялап, "транспаренттілікті қамтамасыз ету үшін қажетті жұмыстардың барлығы жүргізіледі. Питчинг комиссия жұмысы аяқталғаннан кейін өткізіледі" деп жазған еді.

Өткен аптада Алматыда бір топ режиссер митинг өткізіп, биыл ұсынған жобалары Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының іріктеуінен өтпей қалғанын айтқан еді. Наразылардың пікірінше, комиссия байқау кезінде "өздері жақсы танитын" сценаристер мен режиссерлердің жобасын таңдаған, ал "шынымен де құнды еңбектер" іріктеуден өтпеген. Олардың айтуынша, 2019 жылы қабылданған кино туралы заңдағы мемлекеттік байқауды жүргізу туралы ереженің бұлыңғыр тұстары көп, соның салдарынан кейбір авторлар байқаудан негізсіз шеттетілуі мүмкін.

Ал Ұлттық киноны қолдау орталығы іріктеуден өтпеген жобалар талаптарға сәйкес келмегенін айтып, наразы режиссерлердің сөзін жоққа шығарған. Орталық киноөндірушілерді жауапсыздығы үшін кінәлап, "кей компаниялар байқау кезінде болашақ жобаларын әдемі сипаттап, қаржы алады. Ал соңында прокаттан ақша таппайтын, көрілмейтін әлсіз фильм шығарады" деген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG