Accessibility links

Нобель сыйлығының 103 лауреаты құқық қорғаушы Алесь Беляцкийді босатуды талап етті


Алесь Беляцкий.
Алесь Беляцкий.

Нобель сыйлығының 103 лауреаты Беларусь құқық қорғаушысы Алесь Беляцкийді босатуды талап етіп, үндеуге қол қойды. Халықаралық ПЕН-клуб сайтында жарияланған үндеуде белорус құқық қорғаушысы әлем құқық қорғаушыларына дем беретін үміт символы деп аталған.

Үндеуде "Беляцкий бар ғұмырын Беларусь жерінде демократия орнатып, адам құқығын қорғауға арнады, тәуелсіз адамдарға жүйелі түрде қысым көрсетіп, қатыгездік жазасағаны үшін Александр Лукашенконы жауапқа тартуға шақырды. Оны ойдан шығарылған желеумен соттады" деп көрсетілген.

Үндеуге қол қойғандар арасында химия, медицина, физика, экономика, әдебиет және бейбітшілік салалары бойынша Нобель сыйлығын алғандар бар. Лауреаттардың екеуі – 87 жастағы астроном Роберт Вудро Вильсон мен 91 жастағы микробиолог Хамилтон Смит Нобель сыйлығын 1978 жылы алған. Үндеу авторларының екеуі – Ресей азаматы: бейбітшілік сыйлығының лауреаты, журналист Дмитрий Муратов пен физик Константин Новосёлов.

Үндеу авторлары Беляцкийді ғана емес, "Весна" құқық қорғау ұйымын құрған өзге де адамдарды босатуды талап еткен. Беларусь билігі бұл ұйымды "экстремистік ұйым" деп танып, жұмысына тыйым салған.

  • 2021 жылдан бері қамауда отырған құқық қорғаушы Беляцкийге 2022 жылы бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығы берілген. Минск соты 2020 жылы оны "Лукашенкоға қарсылық акциясын қаржыландырды, контрабандалық жолмен ақша әкелді" деп айыптап, 10 жылға бостандығынан айырған. Құқық қорғаушы мұның саяси астары бар деп есептейді.
  • Құқық қорғаушылар 21 мамырды Беларусь саяси тұтқындарымен ынтымақтастық күні деп белгілеген. Беларусь тұтқындарын қолдау акциясы Еуропаның ондаған қаласында өткен. "Весна" ұйымының есебінше, Беларусьте қамауда отырған кемі 1525 саяси тұтқын бар.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG