Accessibility links

Министр "Қазақстаннан Ресейге дрон тасыған" компания туралы: Бәлкім, декларацияда басқа тауар ретінде көрсеткен шығар


Дрон. Бейтарап сурет.
Дрон. Бейтарап сурет.

Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев журналистер зерттеуінде "Қазақстаннан Ресейге дрон тасымалдады" деп айтылған компания туралы ақпараты жоғын айтты.

– Ол компания ("Аспан Арба") жайлы ақпаратым жоқ. Бірақ өткен айда бізге АҚШ пен Еуроодақтан делегация келіп, бізбен келіссөз жүргізді. Егер қандай да бір санкциялық тауарлар [Ресейге] өтіп кеткен болса, олар бізге тізімін беретін еді. Ол тізімді мұқият зерттейміз, – деді министр.

Оның айтуынша, делегация бұл компания туралы айтпаған.

Министр әрбір кәсіпкерді ұстап, "заң бұзды" деп айыптай алмайтынын жеткізіп, "Аспан Арба" туралы ақпаратты тексеретінін айтты.

"Қазақстаннан Ресейге бұл тауарлар қалай жеткізілген?" деген сұраққа министр "бәлкім, олар декларацияда басқа тауар деп көрсеткен шығар" деді.

Өткен аптада халықаралық зерттеушілер тобы Қазақстан арқылы Ресейге "санкцияға ілінген тауар тасымалдау схемасын" жариялаған. Зерттеушілердің дерегінше, былтыр сондай компаниялардың бірі қазақстандық "Аспан Арба" компаниясы DJI компаниясының 500-ге жуық дронын Ресейге сатқан.

Зерттеу авторларының мәліметінше, соғысқа дейін де Қазақстан Ресейге дрон тасымалдаған, бірақ олардың саны өте аз болғандықтан, жалпы сауда статистикасында көрсетілмеген. Алайда 2022 жылы Қазақстаннан құны 1,23 миллион доллар болатын дрондар Ресейге жеткізілген. Дрон бөлшектері Ресейде ракета мен робот-саперлер құрастыру үшін қолданылады.

Осы аптада Азаттық тілшісінің сұрағына жауап берген Қазақстан сауда министрлігі бұл ақпаратты "қызық мәлімет" деп атап, ол жөнінде импорт-экспортпен айналысатын кәсіпорындарды есепке алумен, тіркеумен айналысатын қаржы министрлігінен сұрау қажеттігін айтқан.

Ресейге санкцияларды айналып өтуге көмектескені үшін Қазақстанға қарсы жанама санкциялар қолданылуы мүмкін деп бірнеше рет айтылған. Кейінгі кездері Еуроодақ жанама санкциялар механизмін қарастырып жатыр деген ақпарат тарады. Батыс басылымдары бұл шектеулер Қазақстанға қарсы бағытталуы мүмкін деп топшылайды.

Қазақстан билігі Ресейге қарсы санкциялық режимді қолдамайды. Бірақ "Мәскеуге Батыстың экономикалық шектеулерін айналып өтуге көмектесіп отырған жоқпыз, территориямызды мұндай мақсатқа пайдалануға жол бермейміз" деп бірнеше рет мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG