Accessibility links

Германия мобилизациядан қашқан Ресейдің 55 азаматына пана берді


Ресейдегі әскерге шақыру пункті.
Ресейдегі әскерге шақыру пункті.

Германия билігі мобилизациядан қашқан Ресейдің 55 азаматына пана берді. Осындай 88 өтініш кері қайтарылған, 1,5 мыңнан астам өтініш қаралып жатыр. Бұл жөнінде Германия ішкі істер министрлігіне сүйенген Redaktions Netzwerk Deutschland сайты хабарлады. Сайттың хабарламасының үзіндісін "Настоящее время" арнасы жариялады.

Ресей Украинаға басып кіргелі бері Германия билігінен 2485 Ресей азаматы пана сұрап, өтініш түсірген. Сәуірдің соңына дейін 814 өтініш бойынша шешім қабылданған. 671 ресейліктің өтінішін неміс билігі "азамат барған Еуроодақтағы алғашқы мемлекет қарауға тиіс" деп кері қайтарған.

Былтыр қыркүйекте Ресейде мобилизация жарияланғаннан кейін Германияның бірқатар министрі Германия мобилизациядан қашқан Ресей азаматтарына уақытша пана береді деп мәлімдеген еді.

"Әскерден қашып, қудалауға ұшыраған адамдар Германияда халықаралық қорғауға ие бола алады" деген еді ішкі істер министрі Нэнси Фезер.

Дегенмен Еуроодақтың бірқатар елдері, мысалы, Чехия, Эстония және Латвия әскерден қашқандарды қабылдаудан бас тартқан. Чехия сыртқы істер министрі Ян Липавский "мемлекеттің заңды талабын орындаудан бас тарту гуманитарлық виза шарттарына сәйкес келмейді" деп айтқан.

Эстония үкіметінің жетекшісі Кая Каллас Ресей азаматтарын паналатпас бұрын әуелі олар өз жерінде соғысқа қарсы екенін айтуы керек деген. Латвия сыртқы істер министі Эдгар Ринкевич мемлекет "қауіпсіздікке" алаңдаушыларға виза бермейтінін айтқан.

Ал Еуроодаққа кіретін скандинавиялық елдер мобилизациядан қашу пана беруге негіз бола ала ма деген сұрақты талқылаған. Мамыр айында Финляндияның Yle қоғамдық телерадиокомпаниясы "Еуроодақтың айқын ұстанымынсыз Хельсинки 1109 ресейлік азаматқа пана беру жөнінде шешім шығара алмайды" деген. Бүкіл Еуроодақ бойынша қанша адам өтініш бергені белгісіз.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG