Қарағанды облысының Осакаровка ауданына қарасты Тельман ауылында тұратын фермер Оксана Ротэрмель 2019 жылдан бері егін егіп жүрген жері үшін күресіп келеді. "Әділетсіз сот шешімдерінің салдарынан" жерсіз қаламыз ба деп уайымдаған ол 24 мамырда Астанада баспасөз мәслихатын өткізді.
51 жастағы Оксана Ротэрмель – "Мечта-2019" компаниясының директоры. Ол Қарағанды облысының Тельман ауылындағы 8 мың гектар жерді игеріп жатыр. Оның 2800 гектарын басқа шаруалардан сатып алса, қалға жердің иесі – "Қазагропродукт" акционерлік қоғамы. Ротэрмельдің айтуынша, бұл мекеме 2019 жылы оған "жерді ұзақ мерзімге жалға алғың келсе, бұған дейінгі қожайын "Арыстан ПиК" фирмасының мемлекеттен алған субсидиясын қайтар" деп талап қойған. Ал ол фирманың жалғыз қожайыны Юрий Попандопуло бөтеннің жер телімдерін заңсыз иеленіп, мемлекеттен алған ірі көлемдегі субсидияны басқа мақсатта пайдаланғаны үшін Қарағанды облыстық сотының үкімімен 2018 жылы "алаяқтық" бабымен алты жылға сотталған.
Оксана Ротэрмель оның мемлекеттен алған субсидиясы – 60 миллионға жуық теңгені несие алып қайтарған. Өзінің айтуынша, ол ұзақ жыл қараусыз қалған жерді игеріп, арпа еккен 2019 жылы "мемлекет алдындағы қарызы өтелді" деп есептелген кәсіпкер Юрий Попандопуло мерзімінен бұрын түрмеден босап шығып, Ротэрмельден жерін қайтаруды талап еткен.
– Егін егіп, қара жұмыс істеп жатырмыз, лизинг, кредитіміз тағы бар. Ертең бұл ЖШС жерді алып қойса, біз не істейміз? Миллиондаған теңге қарызымызды, лизингіні кім өтеп береді? Оның үстіне, бұл – біздің еңбегіміз, маңдай теріміз, бұл қандай ауыр жұмыс екенін білмейсіздер. Барлығын өз қолымызбен жасадық... Енді бұл жерді жайдан-жай бере салмаймын, – деді Оксана Ротэрмель.
Ал Юрий Попандопулоның адвокаты Шабангелді Қазиев оның "алаяқтық" бабымен сотталғанын мойындайтынын, бірақ бұл жер оған тиесілі екенін айтты.
– Ол (Попандопуло – ред.) алаяқтық болғанын теріске шығармайды, бірақ бұл жер учаскелерінің ол іске қатысы жоқ. Сондықтан Попандопулоға тиесілі сегіз жер телімі мен басқа да жылжымайтын мүлік бар деп санаймыз. Қазақстан азаматтары ретінде бұл жерді игеруге қақымыз бар, – деді ол.
Ротэрмель Жоғарғы соттан әділдік күтеді. Фермер жер телімдерін сақтап қалу үшін былтыр Жоғарғы сот пен билік партиясының ғимаратына түнеп, өзіне қол жұмсамақ болғанын айтады. Алайда сот бұл әрекеті үшін оған әкімшілік жаза кесіп, бірнеше мәрте 10 тәулікке қамаған.
Астанаға Қазақстанның әр өңірінен сот шешіміне наразылар жиі келеді. Олардың арасында Жоғарғы сот ғимаратын жылдап күзетіп жүргендер көп. Бірақ әділдікке қол жеткізгендері некен-саяқ.
ПІКІРЛЕР