Accessibility links

Қаңтар кезінде азапталғанын айтқан Өскемен тұрғыны билікті сотқа берді


"Қаңтар оқиғасы кезінде тергеу изоляторында азапталдым" деген Өскемен тұрғыны Ренат Жұбақовтың шағымы бойынша сот отырысы. Астана, 25 мамыр, 2023 жыл.
"Қаңтар оқиғасы кезінде тергеу изоляторында азапталдым" деген Өскемен тұрғыны Ренат Жұбақовтың шағымы бойынша сот отырысы. Астана, 25 мамыр, 2023 жыл.

"Қаңтар оқиғасы кезінде тергеу изоляторында азапталдым" деген Өскемен тұрғыны Қазақстанның қаржы министрлігін сотқа берді. "Қамау орнында бірнеше күн ұрып-соғып, қысым көрсеткендер жауап беруге тиіс"деген 38 жастағы Ренат Жұбақов үкіметтен 30 млн теңге мөлшерінде моральдық және 1 млн 98 мың теңге көлемінде материалдық залалды өтеуді талап етіп отыр.

Істі Астана қалалық азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сот қарай бастады. Алғашқы отырысқа талапкер Өскеменнен онлайн қатысты.

Ренат Жұбақов 6 қаңтар күні орталық алаңға барғанын жасырмайды. Бірақ ол кезде "қала іші де, алаң да тыныш болған" дейді. Сөзінше, араға үш күн салып 9 қаңтарда үйіне полиция, қару ұстаған арнайы жасақ келген. Әлдекімнің түсірген видеосынан Ренаттың суретін көрсеткен олар оны туыстарының көзінше күштеп алып кеткен.

– Жексенбі еді, үйде жақындарым, қонақтар болған. Интернет өшіп тұрған. Қарапайым киінген екі адам өзін жедел уәкіл деп таныстырып, полиция бөліміне баруды ұсынды. "Не үшін?" дегенімде, алаңға барыпсың деді. Құжатын сұрадым, жауап бермеді. "Бармаймын" деп едім, сыртта тұрған автозактан арнайы жасақтың 6-7 өкілі түсті де, қолымды бұрап, күштеп алып кетті, – дейді ол.

Өскемен тұрғыны 9-11 қаңтар аралығында үш күн тергеу изоляторында болғанын айтады. Айтуынша, дәл сол кезде полиция қызметкерлері ұрып-соққан.

– Изоляторға әкеле сала соққының астына алды. Резеңке таяқпен ұрды, электрошокер қолданды. Басыма пакет кигізді. "Тәртіпсіздікке қатысқаныңды мойында" дейді. Жассың, кәрісің деп қарамады. Бәрін тепкілеп, сабады. Аузым қанаған соң, жуып келейінші дедім. Жіберді. Бірақ дәретханаға кіре бергенімде артымнан еріп келген үш-төрт полицей тағы ұрып-соқты. Сол сәттер әлі көз алдымда, – деді сот кезінде сөз алған Ренат Жұбатов.

Былтыр 12 қаңтарда "жаппай тәртіпсіздікке қатысты" деген айыппен Жұбатов тағы екі айға уақытша ұстау изоляторына қамалған. Кейін онысы үйқамаққа ауысады. Былтыр 26 желтоқсанда айыбы дәлелденбеді деп ісі қысқарып қалған.

Сот отырысына қатысқан қаржы министрлігінің өкілі министрліктің сотқа тартылуы заңсыз деп санайды. Оның сөзінше, ведомствоның "азаптауға" еш қатысы жоқ, сол себепті залалды Жұбатовты ұрып-соққандар өтеуі керек деді. Бірақ талапкер мемлекеттік органды қаржыландыратын осы министрлік екенін ескертіп, одан өтемақы талап ету заңды құқығымыз деді.

Сот шамамен бір сағатқа созылды. Тараптарды тыңдаған судья Әлия Әлібекова 26 мамырда сағат 9.30-да осы іс бойынша шешімді жариялайтынын мәлімдеді.

Қаңтар оқиғасынан бері бір жылдан астам уақыт өтсе де, азаптау туралы қанша шағым түскені, бұл фактілер бойынша қанша іс қозғалғаны белгісіз. Адам құқықтары саласындағы сарапшылар бұған дейін осылай деп дабыл қаққан. Елде Қаңтардағы азаптауға қатысты санаулы іс бойынша үкім шыққан. Мамыр айында БҰҰ-ның Азаптауға қарсы комитеті Қазақстан билігінен 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқан азаматтардың аты-жөнін, қандай жағдайда қайтыс болғанын және басқа да деректерін, азаптау фактілері мен ол бойынша жүргізілген тергеулер туралы статистиканы ашық жариялауды талап еткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG