Accessibility links

HRW: Өзбекстан билігі дін еркіндігі жөніндегі уәделерін орындамады


Дін еркіндігін сақтауға уәде бергеніне қарамастан, Өзбекстан билігі адамдардың діни құқығын шектеп жатыр. Бұл туралы халықаралық Human Rights Watch (HRW) адам құқықтарын қорғау ұйымының 24 мамырда жарияланған баяндамасында айтылды.

Ұйым баяндамасында елде діни қауымдастықтарды тіркеуге кедергі жасалатыны, ал билік діни белсенділерді, соның ішінде мұсылмандарды экстремизм айыбымен қудалап жатқаны сөз болды.

"Президент Шавкат Мирзияев билігінің алғашқы жылдары Өзбекстанда дін өкілдеріне көбірек еркіндік беретін реформаларымен көзге түскен, бірақ қазір өрескел заңбұзушылықтарға кінәлілер жазасыз қалып жатқанының куәсі болып отырмыз" дейді Human Rights Watch ұйымының Орталық Азия жөніндегі аға зерттеушісі Мира Ритман.

Баяндама авторлары президент Ислам Каримов билігі кезінде әдеттегі жағдай саналған мұсылмандарды жаппай тұтқындау Мирзияев тұсында тоқтап, діни қызметі үшін сотталған жүздеген адам бостандыққа шыққанын атап өткен. "Соған қарамастан, Өзбекстан үкіметі әлі күнге дейін дінді қауіп деп қабылдайды, соған байланысты бейбіт діни қауымдар мен адамдарға негізсіз кедергі жасайды" деп жазылған баяндамада.

HRW өкілдерінің жазуынша, Өзбекстанда мұсылмандарды экстремизм бойынша қудалайды, діни сеніміне байланысты сотталып, бостандыққа шыққандарға қатаң бақылау орнатылады. Азаматтардың сақал өсіруіне, діни киім киюіне шектеу қойылады. Дінге байланысты айыпталғандар азаптауға ұшырап, оларға дөрекі қатынас жасалады.

HRW өкілдері халықаралық әріптестер БҰҰ Адам құқығы кеңесіне мүше Өзбекстанды азаматтардың діни бостандығын құрметтеуге үндеуі керек деп есептейді.

Ұйым есебі 2021 жылғы қараша мен 2022 жылғы тамыз аралығында қашықтан жүргізілген сұхбаттар негізінде дайындалған. Оған 20-дан астам құқық қорғаушы, блогер, заңгер және жәбірленуші қатысқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG