Accessibility links

Ресей әскері түнде Украинаны тағы ракетамен атқылады


Жұмаға қараған түні Ресей әскері Украинаны тағы ракетамен және дрондармен атқылады.

"Бұл жолы қарсылас жақ бағытты шығысқа қарай өзгертті, сол жақтағы маңызды инфрақұрылымдар мен Украина қорғаныс күштерінің нысандарына шабуыл жасады" деп жазылған Украина әуе күштерінің мәлімдемесінде.

Украина әскерінің хабарлауынша, 17 түрлі ракетамен және 31 дронмен соққы жасалған. Каспий теңізінен ұшырылған 10 қанатты зымыран ( Х-101/Х-555 ракеталар) мен 25 дрон атып түсірілген. Дегенмен Харьков және Днепропетровск облыстарында бірнеше нысанға дрон мен ракета түскен.

Киевте ракета бөлшектері Оболон және Шевченко аудандарына түсіп, бірқатар нысан, оның ішінде сауда, ойын-сауық орталықтары мен жеке үйлер бүлінген.

Днепропетровск облысының әкімшілігі шабуылдың салдарынан бірнеше кәсіпорын мен тұрғын үй қирағанын айтты. Қаза болғандар жоқ.

"Ауыр түн. Жау облысты жаппай ракетамен және дрондармен атқылады. Днепрге оңай тиген жоқ. Жеке үйден өрт шықты. Екі үй мен бір көлік бүлінді. Екі жеке кәсіпорын өртенді" деп жазды телеграм-арнасында аймақ басшысы Сергей Лысак.

Лысактың сөзіне қарағанда, егер әуе шабуылына қарсы жүйе әрекет етпегенде, Ресей шабуылының салдары бұдан да ауыр болуы мүмкін еді. "Украина әскерінің "Шығыс" тобының жауынгерлері облыста бес қанатты ракета мен алты "Шахед" дронын атып түсірді" деді Днепропетровск облысының басшысы.

Николаев облыстық әскери әкімшілігінің жетекшісі Виталий Ким 26 мамырға қараған түні және жұмада таңертең Ресей әскері аймақтағы Очаков және Первомайский аумақтарын атқылағанын хабарлады. Зардап шеккендер жоқ.

Ресей қорғаныс министрлігі ақпаратқа түсініктеме берген жоқ. Мәскеу Украинаның азаматтық нысандарын мақсатты түрде соққылағанын мойындамай келеді.

XS
SM
MD
LG