Accessibility links

25 күнге қамалған журналист Думан Мұхаммедкәрім босап шықты


"Бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" деп айыпталып, 25 күнге қамалған Думан Мұхаммедкәрімнің босап шыққан сәті. Алматы облысы, 26 мамыр 2023 жыл.
"Бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" деп айыпталып, 25 күнге қамалған Думан Мұхаммедкәрімнің босап шыққан сәті. Алматы облысы, 26 мамыр 2023 жыл.

Мамыр айының басында "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" деп айыпталып, 25 күнге қамалған журналист Думан Мұхаммедкәрім қамаудан босап шықты. Жұма күні оны полиция мекемесі алдынан 30-ға жуық жақтасы қарсы алды.

– Сараптама жүргізілген жоқ. Мені дәлелсіз, дәйексіз, заңсыз қамады. Соттың офлайн өтуін талап еткен едім, бірақ онлайн өткізіп, қамап тастады. Мен ол жолы ешкімді митингіге шақырған жоқпын, бірақ мені шақырды деп соттады, – деді журналист шыққаннан кейін берген сұхбатында.

Журналистің қамалуына түрткі болған видео 30 сәуірде YouTube-тегі "Не дейді?" (ND) арнасында жарияланған. "1 мамыр – қазақты мазақ қылу мерекесі. Үйден шықпаңыздар, диваннан тұрмаңыздар, ал мен шығамын" атты видеода журналист Қазақстанда аталып өтетін Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесін сынап, Қазақстан халқы ассамблеясы қазақ халқының мүддесіне қайшы әрекет етіп отыр деп есептейтінін айтқан.

Бұған дейін прокурор аталған видеода митингіге шақыру туралы "жасырын үндеу" барын айтқан. Ал қорғау тарабы оны жоққа шығарған.

Осыған дейін адвокаты Ғалым Нұрпейісов Думан Мұхаммедкәрімнің үстінен 405-бап бойынша ("тыйым салынған ұйымның ісіне араласу") да қылмыстық іс қозғалғанын айтқан. "Журналистің статусы – қорғалуға құқығы бар куәгер" деген еді адвокат. Жұма күні журналист бұл жөнінде "прокуратура өкілдері келген, мен оларға жауап берген жоқпын, қазір іс тоқтап тұр" деді.

Полиция іске қатысты түсініктеме бермеді.

"Не дейді?" (ND) арнасының авторы Думан Мұхамедкәрім бұған дейін де 25 күнге қамалған еді. Сәуірде ол сайлау нәтижесіне келіспейтінін айтып, жұртты бейбіт наразылыққа шақырып, ізінше қамалған. Адвокат Ғалым Нұрпейісов шешімді кассацияға бергенімен, шағымы қаралмағанын айтқан.

Қазақстанда құқық қорғаушылар билікті "бейбіт жиын өткізіп, пікірлерін ашық айтқысы келгендерді, билікке наразыларды қудалайды" деп жиі сынайды. Ресми Астана елде саяси қудалау барын жоққа шығарады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG