Accessibility links

Сот Қаңтарда азапталған Өскемен тұрғынының өтемақы жөніндегі талабын ішінара қанағаттандырды 


Өскемен тұрғыны Ренат Жұбақов. Өскемен, Шығыс Қазақстан облысы. 26 мамыр, 2023 жыл.
Өскемен тұрғыны Ренат Жұбақов. Өскемен, Шығыс Қазақстан облысы. 26 мамыр, 2023 жыл.

Бүгін, 26 мамырда Астананың Есіл аудандық соты Қаңтар оқиғасы кезінде "азапталғанын" айтқан өскемендік Ренат Жұбақовтың моральдық өтемақы алуға берген талабын ішінара қанағаттандырды.

Ол қаржы министрлігінен 30 миллион теңге моральдық өтемақы талап еткен. Ал сот 5 миллион теңге өтемақы беру жөнінде шешім шығарды. Сонымен бірге адвокатқа жұмсаған шығынына мемлекеттен 300 мың теңге беруді де міндеттеді.

– Өскемен соты азапталғандарға 1 млн теңгеден асырмай өтемақы беріп жатыр, салыстырмалы түрде маған жақсырақ берді. Бірақ өзім аз деп есептеймін. Не істейтінімізді қорғаушыммен ақылдасамыз. Қазір нақты ештеңе дей алмаймын. Оның үстіне, қаржы министрлігі бұл соманы төлемейміз деп шағым беруі де мүмкін. Оған да дайын болуымыз керек, – деді Ренат Жұбақов Азаттыққа.

Қаржы министрлігінің өкілі кеше, 25 мамырда болған сот отырысында министрліктің сотқа тартылуы заңсыз деп санайтынын айтқан. Ведомство өкілдері министрлік "азаптауға" еш қатысы жоқ, сол себепті залалды Жұбақовты ұрып-соққандар өтеуі керек деп айтқан.

Ал Жұбақов қаржы министрлігі мемлекеттік органды қаржыландыратын мекеме болғандықтан, "одан өтемақы талап ету – заңды құқығымыз" деген болатын.

Ол сотта сөйлеген сөзінде Қаңтар кезінде қамау орындарында азапталғанын айтты.

"Изоляторға әкеле сала, соққының астына алды. Резеңке таяқпен ұрды, электрошокер қолданды. Басыма пакет кигізді. "Тәртіпсіздікке қатысқаныңды мойында" дейді. Жассың, кәрісің деп қарамады. Бәрін тепкілеп, сабады. Аузым қанаған соң, жуып келейінші дедім. Жіберді. Бірақ дәретханаға кіре бергенімде, артымнан еріп келген үш-төрт полицей тағы ұрып-соқты. Сол сәттер әлі көз алдымда" деді ол 25 мамырда сотта.

Бұған дейін Астана соты Қаңтар кезінде азапталғанын айтып, биліктен өтемақы талап еткен Өскемен тұрғыны Ерқанат Жеңісұлына бірінші инстанцияда берілген 10 млн теңгені 3 млн теңгеге азайтып тастаған. Талапкер шешімге келіспейтінін, жоғары инстанцияға жүгінетінін айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG