Accessibility links

Семейде Қаңтар оқиғасынан кейін ұсталған Әлпиев пен Әлиевке қатаң үкім шықты


"Терроризмді насихаттады" деп айыпталған Семей тұрғыны Шыңғыс Әлпиев пен онымен бірге айыпталған Ринат Әлиев сотта. Семей, 27 наурыз 2023 жыл.
"Терроризмді насихаттады" деп айыпталған Семей тұрғыны Шыңғыс Әлпиев пен онымен бірге айыпталған Ринат Әлиев сотта. Семей, 27 наурыз 2023 жыл.

26 мамырда Семей қаласының № 2 соты Қаңтар оқиғасынан кейін ұсталған жергілікті екі тұрғын Шыңғыс Әлпиев пен Ринат Әлиевті 9 және 7 жылға бас бостандығынан айырды. Оларға "терроризмді насихаттады" деген айып тағылды.

Қорғау тарабы үкімді апелляцияға беретінін айтты. Құқық қорғаушылар мен жақтастары "іс саясиланған" деп санайды.

Істі қараған судья Лариса Федосова "қасақана түрде жасалған ауыр террористік қылмыстың қоғамға өте қауіпті екенін" ескере отырып, үкім шығарғанын айтты. Әлпиев пен Әлиевтің бұрын сотталғанын да жеткізді.

Бұған дейін прокурор Әлпиевке – 10 жыл, Әлиевке 9 жыл түрме жазасын сұраған.

Шыңғыс Әлпиев пен Ринат Әлиев 2022 жылы 14 қаңтарда ұсталған және содан бері қамауда отыр. Олар бастапқыда Қаңтар оқиғасы кезінде "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды" деген күдікке ілінген. Алты айдан соң тергеуші оған дәлел таппай, "жаппай тәртіпсіздік" туралы қылмыстық істі жауып, есесіне "терроризмді насихаттау" бабы бойынша іс ашқан.

Сот айыпталушылардың кінәсі "куәгерлердің жауабы мен сараптама нәтижесі, барлау қызметінің материалдарымен" дәлелденгенін айтты. Бұған қоса, террористік және экстремистік "Әт-такфир-уаль-хижра", "Мұсылман бауырлар" және "Талибан" ұйымдары мен оларға Қазақстан аумағында тыйым салу туралы шешімдеріне де сүйенгенін жеткізді.

Прокурор екі ер адамды "Қазақстан аумағында тыйым салынған ұйымдарды насихаттады" деп айыптаған. Айыпталушылар оны үзілді-кесілді жоққа шығарды.

Қорғау тарабы істе көп заңсыздықтар болғанын айтқан. Шыңғыс Әлпиевтің әйелі Жібек "істің ойдан құрастырылғанын" және "әділ жүргізілмей жатқанына" шағымданған. Қорғау тарабы сонымен бірге сот тыңдауы кезінде кейбір куәгерлер "өздеріне қысым жасалғанын" мойындағанын, өздерін айыпталушыларға қарсы жауап беруге мәжбүрлегенін жеткізген. Бұған қоса, кейбір куәгерлер жауабы анонимді түрде – адвокат пен прокурордың қатысуынсыз жабық отырыста алынғаны айтылған.

Кейбір сараптама тергеушілер "Әлпиев айтты" деген сөздердің айыпталушыға қатысы жоғын көрсеткен. Ал телефонда сақталған материалдар дұрыс мәлімет болмауы мүмкін, себебі телефон тәркіленгеннен кейін оған мөр басылмаған. Осындай жайттарға айыпталушылардың адвокаттары назар аударған.

Іс материалдарына қарағанда Шыңғыс Әлпиев таныстарына "видео жіберіп", "қарулы жиһадқа үндеген".

Тергеушілер Ринат Әлиевті "Ресейдің Кавказды басып алуы" туралы ойлары және "біз де ондай сынақтан қашып құтыла алмаймыз" деген сөздері үшін "терроризмге" айыптаған.

Қамауда отырған кезде Шыңғыс Әлпиев пен Ринат Әлиев "тергеу органдары, сот пен ҰҚК қызметкерлерінің заңсыз әрекеттеріне" қарсылық білдіріп, ауыздарын тіккен, аштық жариялаған. Олар "мұсылман болғаны үшін және сақал өсіргені үшін" ұзақ уақыттан бері өздерін қудалап жатқанын айтқан.

Жұма күні сот үкімнің қорытынды бөлігін ғана оқыды. Сот үкімі әлі күшіне енбеді. Заң бойынша, тараптардың үкімді апелляцияға беруге 15 күн уақыты бар.

АҚШ-тың халықаралық дін бостандығы жөніндегі комиссиясының айтуынша, Қазақстанда "дәстүрлі емес" діни ағым өкілдері жиі қудалауға ұшырайды, оларға "экстремизм" бабы бойынша айып тағылады. Бақылаушылардың айтуынша, билік ұстау және қамау үшін заңда бұлыңғыр жазылған экстремизм және терроризм баптарын қолданады.

XS
SM
MD
LG