Accessibility links

БҚО әкімі Орал әуежайына санкция салу ықтималдығы туралы: мемлекет бәрін өзіне қайтарады


Орал әуежайының ескі терминалы. 24 қазан 2014 жыл.
Орал әуежайының ескі терминалы. 24 қазан 2014 жыл.

Орал әуежайы үлесінің ресейлік миллиардерге қатысы бар компанияға сатылуы туралы сұраққа жауап берген Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев "барлығы мұқият тексерілді", ал санкцияға байланысты "форс-мажор жағдай туындаса, мемлекет бәрін өзіне қайтарады" деп жауап берді.

"Аталған әуежайдың үлесін сатқан кезде азаматтық авиация комитеті осы детальдардың барлығын мұқият тексерді: кімге кімге тиесілі, кім акционерлік қоғамға кіреді" деді БҚО әкімі 26 мамырда.

Бұған дейін Орал әуежайының үлесін ресейлік миллиардер Виктор Вексельбергпен байланысты "Ретранс" компаниясы сатып алған.

"Егер ресейлік олигархтар санкцияға ұшырап, әуежайдың қызметіне қауіп төнсе, БҚО билігі не істейді?" деген сұраққа әкім "мемлекет бәрін өзіне қайтарады" деді.

"Бізде әуе кеңістігі мен авиация қызметін пайдалану туралы" заң бар. Онда ұлттық қауіпсіздікке қауіп төнсе, уақытша басқару бірден мемлекетке өтеді деп анық жазылған. Ол бәрін өзіне қайтарады. Яғни, бұл компаниялардың бәрін ысырады" деді әкім.

Бұған дейін әуежайда шикізат игеруші "Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В." компаниясы есебінен жөндеу жұмыстары жүргізілген. Жөндеу құны – 6,6 млрд теңге. Әуежай ғимараты мен ұшу-қону жолағы "Ақжайық" ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің уақытша балансына берілген. Осыған дейін "Ақжайық" өндірістік кооперативі журналистердің "енді "Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В." компаниясының әлеуметтік инвестиция ретінде салған 6,6 млрд теңге қаражатын кім төлейді?" деген сұрағына жауап бермеген.

26 мамырда БҚО әкімі Нариман Төреғалиев қазір жол картасы жасалып жатқанын, онда ақшаны қайтару мәселесі қаралатынын да айтты.

"2022 жылы сәуірде аталған терминал үш жылға сенімді басқаруға берілген. Сол себепті компания алдында қазір осындай міндет қойып отырмыз. Терминал әкімдікке тиесілі, сол себепті ешқандай қауіп жоқ. Егер олар ақшаны қайтара алмаса, нысан мемлекетте қалады" деді Төреғалиев.

Ақпан айында "Мәншүк Мәметова атындағы Орал халықаралық әуежайы" ЖШС иелері ауысқаны белгілі болған. Бұрын әуежай лицензиясынан айырылған Bek Air-ге еншілес "Беркут аэропорт" ЖШС-іне тиесілі болған.

Ақпанда "Орал аэропорт холдинг" компаниясы әуежайдың құрылтайшысы атанды. Компания иелерінің бірі – ресейлік миллиардер Виктор Вексельбергпен байланысты Ресейдің Екатеринбург қаласында тіркелген "Ретранс" компаниясы. Оған жекешелендіру аукционы кезінде 1 млрд рубльге сатып алған Магнитогорск әуежайы да тиесілі.

Бұған қоса, "Ретранс" "аймақ әуежайлары" арқылы Вексельберг жетекшілік ететін "Реново" тобына тиесілі авиация активтерін де басқарады."Ретранс" компаниясының ресми басшысы "Реново" компаниясының бұрынғы менеджері Владимир Резер (90 пайыз акциясы Резерге тиесілі ) деп айтылады.

"Орал аэропорт холдинг" компаниясына "Ретранстан" бөлек, "Орал менеджмент" компаниясы мен бұрын Қазақстан даму банкі мен "ҚазАзотта" жоғары қызмет атқарған Дәулетхан Қилыбаев иелік етеді. 2021 жылғы мәлімет бойынша, "ҚазАзот" Дінмұхамед Ыдырысов, Бахаридин Әбілазимов, Ержан Достыбаев және Тимур Құлыбаевқа ("Joint Resource" арқылы) тиесілі болған. Қазір меншік иелері өзгерген.

XS
SM
MD
LG