Accessibility links

Украина Германиядан 500 шақырымға ұшатын Taurus ракетасын сұрады


Taurus ракетасы әскери жаттығу кезінде.
Taurus ракетасы әскери жаттығу кезінде.

Украина Германиядан 500 шақырымға дейін ұшатын Taurus қанатты ракетасын сұрады. Ресми Киевтен осындай өтініш түскенін Spiegel басылымына Германия қорғаныс министрлігі растаған. Украинаның қанша ракета сұрағаны белгісіз.

Spiegel-дің жазуынша, бұған дейін қорғаныс саласының сарапшысы Родерих Кизеветтер осы идеяны қолдаған. Оның сөзінше, 500 шақырымға дейін ұшатын Taurus қанатты ракетасы Украинаға майдан алаңынан алыс жердегі Ресейдің әскери инфрақұрылым нысандарына соққы жасауға мүмкіндік беруші еді. Германия қорғаныс министрі Борис Писториус сарапшының ұсынысына сақтықпен жауап берген.

Frankfurter Allgemeine Sonntagszeitung дереккөзінің хабарлауынша, Украина президенті Владимир Зеленский неміс ракеталарын жеткізу мәселесін мамыр басында Германия канцлері Олаф Шольцпен талқылаған.

Taurus қанатты зымыраны истребительден ұшырылып, 400 килограмдық оқтұмсықтарды 500 шақырым жерге дейін жеткізе алады. Spiegel-дің жазуынша, Taurus ракеталарының 600 данасын Бундесвер он жыл бұрын сатып алған, 150-і ұшуға дайын.

  • Украинаға алысқа ұшатын зымыранды бірінші болып Ұлыбритания берген. Мамыр ортасында Украина 250 шақырымнан астам қашықтыққа ұшатын Storm Shadow қанатты зымырандарына қол жеткізген. Оған дейін украин армиясы Батыстан 80 шақырымға дейінгі нысандарға шабуылдай алатын қарулар алған.
XS
SM
MD
LG