Accessibility links

"Өзіңдікін қайтаратын мезгіл жетті". Украина қарулы күштерінің бас қолбасшысы шабуыл жөнінде видео жариялады


Валерий Залужный
Валерий Залужный

Украина қарулы күштерінің бас қолбасшысы Валерий Залужныйдың ресми арнасында 27 мамырда "Өзіңдікін қайтаратын мезгіл жетті" атты видео жарияланды. Видеода украин әскерінің дұға оқып жатқаны көрінеді. "Біздің қарымта шабуылымызды сәтті ете гөр" деген сөз де естіледі. Видеодан Украинаға жеткізілген Батыс техникасын (Леопард" және HIMARS) көруге болады.

Бұл видео Украина әскерінің жуырда қарымта шабуылды бастайтындығынан хабар береді, деп жазды кейбір қолданушылар. Бірақ бейнероликте шабуылдың нақты уақыты айтылмайды.

Украина қарулы күштерінің бас штабы оны "қарулы күштерді ақпараттық қолдау кампаниясының бір бөлігі" деп атады. Видеода Украина қарулы күштері қатарына қосылу туралы үндеу де бар.

Украина ұлттық қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Алексей Данилов BBC ақпарат агенттігіне берген сұхбатында шабуыл "ертең, ертеңнің арғыгүні немесе бір аптадан кейін" басталуы мүмкін және Киев оған "жіберіп алуға болмайтын тарихи мүмкіндік" ретінде қарайды деді.

Украина президенті кеңсесінің кеңесшісі Михаил Подоляк британдық The Guardian басылымына берген сұхбатында украин әскері "дайындық операциясын" бастап кетті, ал шабуылдың өзі нақты бір мерзімге байланбаған ұзаққа созылатын процесс деп айтқан. Ол сонымен бірге жуырда Ресей азаматтарынан құралған Орыс еріктілер корпусының Белгород облысына шабуылына түсініктеме беріп, Украина шабуылдағаннан кейін мұндай оқиғалар жиілей түсетінін, бірақ Орыс еріктілер корпусының Украина қарулы күштеріне қатысы жоғын айтты.

  • Украина басшылары биыл көктем мен жазда қарымта шабуылға көшетінін бірнеше рет мәлімдеген. Шабуылдың мақсаты ел аумағын тұтас Ресей әскерінен азат ету. Жуырда Украинаға Батыс елдерінен бронды техника мен артиллерия жеткізілген.
  • Валерий Залужный мамырдың басынан бері жұрт алдына шықпай қалған. Осыдан кейін қоғамда оның жараланғаны немесе қаза болғаны туралы сыбыс үдеген. Мамырдың соңында дереккөзге сүйенген ресейлік РИА Новости агенттігі Залужный ауыр жарақаттанғанын жазған. Ертесінде 25 мамырда Залужныйдың қысқа видеосы шықты. Видеода бас қолбасшының жарақаттанғаны байқалмайды.
  • Ресей 2014 жылы – Қырымды, 2022 жылы Украинаның тағы төрт облысын аннексиялап алғанын мәлімдеген. Ресей әскері Украинаның Херсон, Запорожье, Донецк және Луганск облыстарының бір бөлігін, Харьков облысының шағын бөлігін бақылауда ұстап отыр. Украина барлық жерін қайтаруға күш салатынын мәлімдеген.
XS
SM
MD
LG