Accessibility links

Ресейдегі неміс мекемелерінің жүздеген қызметкері еліне қайтады


Германияның жүздеген азаматы, оның ішінде дипломаттар, оқытушылар мен мәдени ұйым қызметкерлері де бар, жуырда Ресейден кетуі тиіс. Германия сыртқы істер министрлігі сенбі күні ақпаратты растады.

Ресей сыртқы істер министрлігі сәуір айында неміс дипломатия миссиясы мен мәдени институт қызметкерлерінің санын қысқарту жоспарын жариялаған. Ведомство өкілдері Ресей билігінің шешімін Германияның осыған ұқсас әрекетіне "жауап" деп атаған.

Sueddeutsche Zeitung басылымы сенбі күні Германияның жүздеген азаматы, оның ішінде неміс мәдениеті мен тілін шетелде дәріптеумен айналысатын Гете институтының қызметкерлері де маусым басында Ресейден кетеді деп жазған. "Фонтанка" Гете институты 27 мамырда жазғы демалысқа мерзімінен бұрын кеткенін хабарлады.

Германия сыртқы істер министрлігі Ресей билігінің әрекетін "біржақты әрі негізсіз шешім" деп атады. Қанша дипломат пен мәдени мекеме қызметкерінің Мәскеуден кететіні белгісіз.

Ресей сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова DPA агенттігіне сәуір айында ондаған ресейлік дипломаттың Германиядан шығарылғанын еске салып, Ресей оған жауап береді деген. Ресей осыған дейін де 20-дан астам неміс дипломатын елден шығарып, "жауап беріп қойған".

Германия сыртқы істер министрлігі мәлімдемесінде билік жағдайды бағалап, елдегі ресейлік дипломаттардың үлес салмағымен теңестіру үшін тиісті қадам жасайтынын мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG