Accessibility links

Ердоған Түркиядағы президент сайлауында жеңгенін, Қылышдароғлы ең әділетсіз сайлау өткенін мәлімдеді


Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған мемлекет басшысы сайлауда жеңіске жетті деп мәлімдеді.

"Біз алдағы бес жылда елді басқарамыз" деді ол Стамбулдағы жақтастарына. Кейінірек Түркия жоғарғы сайлау кеңесі де Ердоған жеңгенін хабарлады.

Бюллетеньдер 100 пайызға жуық саналғанда, Ердоған 52 пайыздан сәл астам дауыс алғаны мәлім болды. Бәсекелесі, оппозицияның ортақ кандидаты Кемал Қылышдароғлы 48 пайызға жуық дауыс алған.

Бірінші турдағыдай бұл жолы да Қылышдароғлыға Түркияның екі ірі қаласы – Анкара мен Стамбул көбірек дауыс берген. Сайлаушылардың 85 пайыздан астамы дауыс беруге келген. Шетелдерде сайлаушылардың 55 пайызы дауыс берген. АҚШ пен Ресейдегі сайлаушылар көбіне Қылышдароғлыны таңдаған.

Түркия жоғарғы сайлау кеңесі президент сайлауының екінші турында "заңбұзушылық болмағанын" мәлімдеген. Алайда журналистер кейбір сайлау учаскелерінде бақылаушыларға күш көрсетілгенін байқаған. Стамбул маңындағы сайлау учаскелерінің бірінде сегіз жыл бұрын өліп қалған әйел сайлаушылар тізімінде тұрғаны мәлім болған.

Анкарада сөйлеген Кемал Қылышдароғлы "бұл сайлау Түркия тарихындағы ең әділетсіз сайлау болды" деп мәлімдеп, демократия жолында күресе беретінін айтқан.

  • Бірінші тур 14 мамырда өтіп, кандидаттардың ешбірі 50 пайыз дауыс жинай алмаған. Ердоған 49,5 пайыз, Қылышдароғлы 45 пайызға жуық дауыс алған.
  • Ердоған – 2014 жылдан бері Түркия президенті. Түркия оппозициясының ортақ кандидаты Кемал Қылышдароғлы 2002 жылдан Түркия парламентінің депутаты. 2010 жылдан республикалық халық партиясын басқарған.
  • Сыншылар Ердоған қайта сайланса, Түркия біржола автократиялық жолға түсуі мүмкін деп қауіптенеді.
  • Сайлау кампаниясы кезінде Кемал Қылышдароғлы билікке келсе, "бірнеше жыл бойы жүрген мемлекеттік репрессиядан кейін елді демократия жолына қайта бұратынын, Батыспен байланысын жаңғыртатынын" мәлімдеген. Ол Ресеймен достық қатынасын сақтап қалатынын да айтқан, алайда сайлауға бірер күн қалғанда "Ресей сайлау кампаниясына араласып отыр" деп айыптай сөйлеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG