Accessibility links

Украинадағы соғыста өлген Өзбекстанның тағы бір азаматының сүйегі туған жеріне жеткізілді


"Вагнер" жалдамалыларына тиесілі Мәскеу түбіндегі қорымнан Азаттықтың Өзбек редакциясы Орталық Азиядан шыққан бірнеше адамның зиратын тапқан.
"Вагнер" жалдамалыларына тиесілі Мәскеу түбіндегі қорымнан Азаттықтың Өзбек редакциясы Орталық Азиядан шыққан бірнеше адамның зиратын тапқан.

Кейбір басылымдардың жазуына қарағанда, Өзбекстанның 23 жастағы азаматы Ш.Тожибоев Украинадағы соғыста өлген. Ш.Тожибоев Наманган олысында туған. Бұл жөнінде Азаттықтың Өзбек редакциясы Өзбекстанның мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің мәліметіне сүйеніп хабарлады.

Жас жігіт отбасын асырау үшін Ресейге жұмыс іздеп кеткен. Бастапқыда құрылыста істеп, кейін кафе ашқан, автокөлік сатып алып, такси қызметін атқарған. Анасының сөзінше, Ресей-Украина шекарасына клиент апарғанда, белгісіз адамдар көлігіне апиын салып, арандатқан. Содан соң түрмеге қамап, Украинадағы соғысқа күштеп әкеткен. Анасы ұлымен соңғы рет 10 қыркүйекте сөйлескен.

– Ол өзі телефон соғып: "Мама, адам өлтіре алмаймын десем де, мені күштеп әкетті" деген болатын, – дейді анасы.

Ш.Тожибоевтың сүйегінің бір бөлігін анасы Өзбекстанға әкелген.

Ақпанда "Озодлик" Украинадағы соғыста өлген екі адамның денесі салынған екі табыт Самарқанның Булунгур ауданына жеткізілгенін хабарлаған.

Биыл наурыз айында Өзбекстан мемлекеттік қауіпсіздік қызметі Ресей түрмесінде отырған Қарақалпақстанның Еллікқала ауданының тұрғыны Украинадағы соғыста өлгенін хабарлаған.

Ресей Украинаға басып кірген соң, Орталық Азиядан келген еңбек мигранттарын әскерге шақыратын үгіт-насихат көбейді деген ақпарат тараған. Мигранттардың сөзінше, Украинадағы соғысқа баратындарға жоғары жалақы төлейміз, соғыстан кейін түрлі әлеуметтік жеңілдік, жеңілдетілген тәртіппен Ресей азаматтығын береміз деген уәде айтылған.

Ресейде жұмыс істейтін өзбек мигранттарының мәселесімен шұғылданатын Өзбекстанның өкілетті органдары Украинадағы соғыс аймағына түрлі жолдармен барған азаматтар туралы ешбір ақпарат жарияламаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG