Accessibility links

"Алға, Қазақстан" өкілдері ұйым жетекшісі Марат Жыланбаевты босатуды талап етті


Белсенді Марат Жыланбаев (мәшинеде) жол полициясы қызметкерімен сөйлесіп отыр. Астана, 1 мамыр, 2023 жыл.
Белсенді Марат Жыланбаев (мәшинеде) жол полициясы қызметкерімен сөйлесіп отыр. Астана, 1 мамыр, 2023 жыл.

Тіркелмеген оппозициялық "Алға, Қазақстан" ұйымының бастамашыл тобы баспасөз жиынын өткізіп, ұйым жетекшісі Марат Жыланбаевты босатуды талап етті. Марат Жыланбаев 25 мамырда сот қаулысымен екі айға абақтыға қамалған. Қылмыстық кодекстің "экстремистік ұйым жұмысына қатысу", "экстремистік ұйымды қаржыландыру" баптары бойынша күдікке іліккен.

"Алға, Қазақстанның" ұйымдастыру комитетінің мүшесі Сергей Измайловтың сөзінше, тергеу қаулысында Жыланбаевты "Әблязов азаматтарды митингіге шақырған жерге Жыланбаев та шақырып, тыйым салынған ұйымның жұмысына араласты" деп көрсетілген.

– Марат Жыланбаев бейбіт митинг өткізетін орын туралы әкімдікке алдын ала 20 шақты ескерту берген. Ол митинг өткізуді көздеген орындарға Мұхтар Әблязов та азаматтарды шақырған. Әблязовтің шешіміне неге Жыланбаев жауап беруге тиіс? Оның әлеуметтік желідегі постыларын "билікті дискредитациялап, абыройына нұқсан келтіру" деп бағалаған. 23 сәуірде жариялаған жазбасында Жыланбаев "Тоқаев Жаңа Қазақстан туралы өтірік айтып отыр, ол оппозициялық партиядан қорқады" деп жазған. Онысы рас, біз партия ретінде тіркелуге 15 мәрте өтініш тапсырдық, әлі күнге "өлілердің" қатарындамыз. 27 сәуірдегі жазбасында "Қанды диктатор бұйрығымен құқық қорғаушылар 20 мың террористі іздеді" деп жазған. Тоқаевтың 20 мың террорист туралы сөзін барлық БАҚ жазды, – деді Сергей Измайлов.

"Алға, Қазақстан" жетекшілерінің бірі Әсет Әбішев "Жыланбаевты экстремистік ұйым жұмысына қатысты" деп есептесе, онда неге президент әкімшілігі жауапқа тартылмайды деп таңырқады.

– Міне, мынау – "Талибан" өкілдері. Ал мынау – Қазақстан президенті әкімшілігінің өкілдері, екеуі кездесіп отыр. Бұл биліктің заңды бұзғанына дәлел емес пе? Ал Маратты жай сөзіне бола қамап отыр. Олай болса, Әблязовпен сұхбаттасқан кез келген журналисті экстремистік баппен айыптауға болады, – дейді Әбішев Ақорда сайтында жариялаған ресми ақпаратты көрсетіп.

Әбішев Бас прокуратураға "Талибан" қозғалысы мен Қазақстан билігінің байланысын саралау туралы шағым түсіретінін айтты.

Қазақстан билігі өкілдері 2021 жылы 17 қазанда Ауғанстанға барып, террористік ұйым ретінде танылған, бірақ кейінгі жылдары ауған билігін қолына алған "Талибан" қозғалысының өкілдерімен сауда-экономикалық байланыстар мәселесін талқылап, Ауғанстанға гуманитарлық көмек ұсынған.

Адвокат Мейіржан Досқараев Жыланбаевты босату туралы шағым түсіргенін айтты. Белгілі марафоншы Жыланбаев бұған дейін рұқсатсыз акцияға шыққаны үшін әкімшілік жауапқа тартылып, 3 мамырда сот шешімімен 20 күнге қамалған. 23 мамырда босатылғанымен, үйіне жіберілмей, екі күн өте сот санкциясымен тағы да екі айға қамалған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG