Accessibility links

Скандинавия елдерінің жағалауынан "Ресейдің тыңшы киті" – Хвалдимир байқалған


Норвегия суындағы белуха-китке Хвалдимир деген ат берілген. Сәуір, 2019 жыл.
Норвегия суындағы белуха-китке Хвалдимир деген ат берілген. Сәуір, 2019 жыл.

Солтүстік Еуропа елдерінің жағалауынан қарғылы белуха-кит байқалған. Жергілікті билік оны Ресейдің "тыңшы киті" деп атайды. Киттің қарғыбауында "Снаряжение Петербург 2019" деген жазу бар.

Жексенбі күні белуханы Швецияның оңтүстік-батыс жағасынан көрген.

Швед зоологтерінің сөзіне қарағанда, Швецияның оңтүстігі белуха-китке тым жылы, өйткені бұл кит Поляр шеңберіне жақын өмір сүреді. Мамандардың сөзінше, кит оңтүстікке өзіне серік немесе топ іздеп келген болуы мүмкін, өйткені кит – жалғыз жүргенді қаламайтын жануар.

Скандинавия суларына бұл кит бұрын да келген. 2019 жылы сәуірде алғаш рет Норвегияда байқалған. Оның қарғыбауында видеокамера тағатын орын болған. Кеме артынан еріп жүруге үйретілген кит әскери жаттығу базасынан қашып шыққан болуы немесе "тапсырма" орындауға жіберіліп, жолай видеокамерасы түсіп қалған болуы мүмкін.

Кит туралы жергілікті баспасөз көп жазған. Норвегтердің hval (кит) сөзі мен Ресей президентінің есімін біріктіріп, оған Хвалдимир деп ат қойылған. Қазір Хвалдимир шамамен 14 жаста. Зоологтер оның теңіз кемелерінен үрікпейтінін, адамдардан да қашпайтынын айтады, өйткені бұрын көп үйретілгенге ұқсайды.

1980 жылдары совет әскері дельфинді су астындағы миналарды табуға үйрететін бағдарлама жасап, онысы 1990 жылдары тоқтаған. 2017 жылы Ресейдің "Звезда" мемлекеттік телеарнасы әскери мақсатқа пайдалану үшін белуха-кит, итбалық пен дельфинді үйрететін бағдарлама туралы хабар таратқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG