Accessibility links

Прокуратура 31 мамырда митингіге шықпауға үндеді. Белсенділер үйден шыға алмай отыр деп хабарланды


Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні Алматыда қауіпсіздік шаралары күшейді. 31 мамыр, 2023 жыл.
Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні Алматыда қауіпсіздік шаралары күшейді. 31 мамыр, 2023 жыл.

31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және Ашаршылық құрбандарын еске алу күні Алматыда қауіпсіздік шаралары күшейді. Сәрсенбі күні белсенділер жиналады деген қаладағы қуғын-сүргін құрбандарын еске алу саябағы маңында Азаттық тілшісі кемінде төрт автобус көрді. Іші арнайы жасаққа толы. Аумақта интернет бір істеп, бір істемей тұр. Қаланың өзге бөліктерінде де полицейлер көп жүргені байқалады.

Бұған дейін "31 мамыр" қоғамдық комитетінің белсенділері сәрсенбі күні қалада шеру жасап, Желтоқсан алаңында аза тұту митингісін өткізетінін айтқан. 31 мамырда Алматы қалалық прокуратурасы Саяси қуғын-сүргін және Ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай қалада шеру өткізбек болған белсенділерге ескерту жасады. Прокуратура бейбіт жиын туралы заңнаманы бұзғандар 25 күнге қамалатынын ескертіп, жұртқа митингіге қатыспауды ескертті.

Құқық қорғаушы Андрей Гришин Алматыда митинг өткізбек болған белсенділерді полиция үйлерінен шығармай отырғанын хабарлады. "31 мамыр" қоғамдық комитеті полиция әрекетіне қатысты үндеу жариялап, белсенділерді шеруге жіберуді талап етті.

"Бұл – біздің конституциялық құқықтарымыз бен бостандықтарымызды заңсыз бұзу, тіпті ашаршылық құрбандарының ескерткішіне гүл қою, жалпыұлттық үнсіздік сәтін өткізу ниетімізге кедергі жасау!" делінген комитеттің үндеуінде.

Сәрсенбі күні "31 мамыр" комитетінің өкілі Анар Аққозы үйінен шыққан кезде өзіне полиция келгенін хабарлап, видеосын да жариялады. Видеода комитет өкілі полицейлерден "не болды?" деп сұрайды, бірақ полиция қызметкерлері нақты жауап бермей, оны ұстап, көлікке отырғызуға тырысады. Әрі қарай видео үзіледі.

Алматыда қауіпсіздік шараларының күшеюі қалаға президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың келуіне де байланысты. Ресми ақпаратқа қарағанда, сәрсенбі күні Алматыға президент Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен келген. Ол қуғын-сүргінге қатысты қандай да бір шараға қатысатыны-қатыспайтыны белгісіз.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG