Accessibility links

Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ғалымдары оқу орнының активтерін қайтаруды талап етіп отыр


Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті. Жоғарғы оқу орнының ресми сайтынан алынған сурет.
Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті. Жоғарғы оқу орнының ресми сайтынан алынған сурет.

Алматыда Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің ғалымдары университеттің "қолды болып кеткен" активтерін қайтару қажеттігі жөнінде мәлімдеме жасады. Бұл жөнінде ақпарат оқу орнының сайтында жарияланды.

Ақпаратқа қарағанда, мәселе студенттер жатақханасы, оқу-зертхана корпусы, стадион, жер телімдері, әкімшілік-шаруашылық ғимарат және өзге де жылжымайтын мүліктер туралы болып отыр.

Аталған оқу орнының ғалымдар кеңесінің мәлімдемесі парламентте "заңсыз активтерді" қайтару туралы заң жобасы талқылана бастағаннан кейін жарияланды.

Мәжіліс депутаты Снежанна Имашева 31 мамырда журналистерге "активтерді өз еркімен қайтарған жағдайда қылмыстық қудалау болмайды" деп айтқан.

Сәрсенбі күні мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи қазіргі кезде жемқорлыққа және активтерді заңсыз иеленуге қатысы бар тұлғалар "өз активтерін жедел заңдастыруға тырысып жатыр" деп мәлімдеген. Бас прокурорға депутаттық сауалында ол бірқатар қазақстандық кәсіпкердің, "ескі Қазақстанның" өкілдерінің әрекетін тергеу қажеттігін мәлімдеген. Бұған дейін Бапи аталған заң жобасын да сынаған.

Заң жобасына сәйкес, активтерді қайтару процесі "өз еркімен немесе сот арқылы мәжбүрлеу жолымен жүзеге асырылады". Активтерді қайтару бойынша уәкілетті орган Бас прокуратура ішінен құрылады.

Бұған дейін Бас прокуратура елге 760 млрд теңге қайтарылғанын мәлімдеген. Бірақ Қазақстанға қай елден қанша сома қайтарылғаны туралы мәлімет ашық жарияланбады.

24 мамырда парламентке "заңсыз сатып алынған активтерді" мемлекетке қайтаруға қатысты бірнеше заң жобасы түскен. "Заңсыз шығарылған активтерді қайтарумен" айналысатын жаңа ведомстводан бөлек, активтерді жинақтайтын арнайы мемлекеттік қор мен атқару компаниясы құрылмақ.

XS
SM
MD
LG