Accessibility links

Батыс Қазақстан облысында біреулер судьяның көлігіне от қойған


Өртенген көлік. Бейтарап сурет.
Өртенген көлік. Бейтарап сурет.

Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауылында белгісіз біреулер аудандық сот судьясы Ілияс Іргебаевтың көлігін өртеген. Судья "Уральская неделя" басылымына көлігі өртенгенін растаған. "Біреулер от қойған ба?" деген сұраққа судья "мәліметім жоқ" деп жауап берген.

"Ақпаратты БҚО сотының баспасөз қызметі береді. Ештеңе айта алмаймын" деді судья Ілияс Іргебаев басылымға.

БҚО төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, Toyota Camry маркалы көлік 31 мамырда таңертеңгі сағат 6 шамасында Жаңақала ауылындағы үйінің маңында өртенген. Артқы капоты мен бампері, сигнал фарасы жанған. Көлік Ресейде тіркеуде болған деп айтылады.

Жаңақала ауылы тұрғындарының бірінің сөзіне сүйенген басылым көлік маңынан полицейлер бензин құйылған пластик бөтелке мен қамыс тапқанын жазды.

Батыс Қазақстан облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі көлікті "белгісіз біреу өртегенін" айтты. "Бөтеннің мүлкін қасақана жою" бабы бойынша тергеу амалдары басталған.

Ілияс Іргебаев Жаңақала аудандық сотына судья болып 2021 жылы ақпанда тағайындалған. "Уральская неделя" басылымының жазуынша, ол әкімшілік және қылмыстық істерді жүргізеді.

XS
SM
MD
LG