Accessibility links

Бас прокуратура ШҚО түрмесінде тұтқындар азапталғанын анықтады


Қазақстандағы түрмелердің бірі. Көрнекі сурет.
Қазақстандағы түрмелердің бірі. Көрнекі сурет.

Бас прокуратура Шығыс Қазақстан облысындағы түрмелердің бірінде тұтқындарды азаптау фактісі анықталғанын хабарлады.

Ведомствоның хабарлауынша, ақпан айында Бас прокуратура ШҚО-да "азаптау" бабы бойынша айыпталып, бірақ апелляциялық инстанцияда ақталып шыққан қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінің жедел уәкілі – полиция қызметкеріне шыққан үкімге қарсылық білдірген. Нәтижесінде үкімнің күші жойылған.

Ведомство тергеу барысында "оның нұсқауымен тұтқындар азапталғаны анықталғанын" хабарлады.

"Атап айтқанда, полиция қызметкері М. өзіне тәуелді жағдайдағыларға басқа сотталғандарды азаптауға нұсқау бергені анықталды. Сотталғандар жазаны өтеу режимін бұзуға жатпайтын заңбұзушылықтар үшін жазаланған. Мысалы, сотталған адам жеткілікті қырынбағаны үшін немесе мекеме қызметкерлерінің аты мен әкесінің атын ұмытып қалғанда [азапталған]. Бүкіл азаптау процесі бейнекамераға жазылды" деп жазылған ведомство хабарламасында.

Аталған уәкіл "азаптауды ұйымдастырғаны үшін" үш жыл алты айға бас бостандығынан айырылған. Қазір түрмеде жазасын өтеп жатыр деп хабарланды.

Құқық қорғаушылар Қазақстан түрмелерінде әлі күнге дейін азаптау тыйылмай отырғанын айтады. АҚШ мемлекеттік департаментінің биыл наурызда жарияланған 2022 жылғы дүниежүзі бойынша адам құқығы жөніндегі есебінде былтыр Қазақстанда азаптау жиілегені жазылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG