Accessibility links

Зеленский одақтас елдер Киевке жойғыш ұшақтар беруге келіскенін мәлімдеді


Еуропа саяси қауымдастығы саммитіне қатысушылар. Кишинев, 1 маусым, 2023 жыл.
Еуропа саяси қауымдастығы саммитіне қатысушылар. Кишинев, 1 маусым, 2023 жыл.

Украина президенті Владимир Зеленскийдің мәлімдеуінше, Молдовада өткен саммитте одақтас елдер Киевке Ресей басқыншылығына тойтарыс беруге қажет жойғыш ұшақтар беруге келіскен.

Зеленский бейсенбі күні Кишиневте Еуропа елдерінің 40-тан астам басшысы жиналған саммиттен кейінгі баспасөз мәслихатында осылай деп мәлімдеді, бірақ тақырыпты тарқатып айтпады деп хабарлады Reuters. Украина біраздан бері Батыстан әскери ұшақтар сұрап жүр.

Молдова президенті Майя Сандудың мәлімдеуінше, бұл саммит құрлық елдерінің Еуропада қайтадан бейбітшілік орнатуға ниетті екенінің ашық көрінісі болды. Санду жоғары деңгейдегі кездесуді Молдовада, Украинамен шекараға бар болғаны 20 шақырым жерде ұйымдастырудың ерекше мәні бар екенін айтты.

"Ресей басқыншылығына тойтарыс беріп, сол арқылы көршілерін де қорғап жүрген Украинаға Молдованың алғысы шексіз" деді Санду.

"Бүгін Украина Молдова қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отыр, біз оған алғыс айтамыз" деп мәлімдеді Майя Санду Украина президенті Владимир Зеленскиймен келіссөзден кейін.

1 маусымда Молдова астанасында Еуропа саяси қауымдастығының екінші саммиті өткен. Жаңа мемлекетаралық ұйым, Франция президенті Эммануэль Макронның бастамасымен, Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін құрылған. Оған Ресей мен Беларусьтен, сонымен бірге Түркия мен Оңтүстік Кавказ елдерінен басқа Еуропа елдерінің бәрі мүше.

Саммит кезінде Владимир Зеленский 2023 жыл "шешім қабылдайтын жыл болады" деп мәлімдеп, Вильнюсте шілдеде өтетін НАТО саммитінде "Украинаны әскери одаққа мүше болуға шақыруға" үндеді. Солтүстікатлантикалық одаққа кіру жолында Украина қауіпсіздігіне кепілдік беруге де шақырды. Зеленский сонымен бірге Украинаны Еуроодаққа қосу бойынша өтінішін жерде қалдырмауды да сұрады. ЕО-ға қосылуға өтінішті Украина былтыр Ресей басқыншылығы басталған кезде берген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG