Accessibility links

Сара Назарбаева негізін қалаған институттың атауын өзгерту ұсынылды


Нұрсұлтан Назарбаев пен оның әйелі Сара Назарбаева. 2005 жыл.
Нұрсұлтан Назарбаев пен оның әйелі Сара Назарбаева. 2005 жыл.

Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың әйелі Сара Назарбаева негізін қалаған Адамның үйлесімді дамуы ұлттық институтының атауын өзгерту туралы ұсыныс айтылды. Бұл жөнінде 1 маусымда жарияланған үкімет қаулысы жобасында жазылған.

Жобада аталған институтты "Өркен" балалардың әл-ауқатын арттыру ұлттық ғылыми-практикалық институты деп атау ұсынылған.

Адамның үйлесімді дамуы ұлттық институты бұған дейін "Өзін-өзі тану" пәні бойынша оқытушылардың біліктілігін арттырумен айналысатын мекеме ретінде құрылған еді. "Өзін-өзі тану" пәнінің авторы да – Сара Назарбаева. Былтыр сол кездегі білім және ғылым министрлігі (қазір екіге бөлініп кеткен: оқу-ағарту министрлігі және ғылым және жоғары білім министрлігі) келесі жылдан бастап аталған пәнді оқу міндеттелмейді деп мәлімдеген. Бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың әйелі Сара Назарбаеваның идеясымен 2010 жылдан бастап "Өзін-өзі тану" пәні мектеп бағдарламасына міндетті пән ретінде енгізілген еді.

Бұрынғы бірінші ханым 82 жастағы Сара Назарбаева күйеуі президент қызметінде болған кезеңнің кейінгі жылдарында ел алдына көп шықпай кеткен. Ол күйеуімен бірге шетелдік сапарларға барған жоқ, ресми шараларда да бой көрсетпеді.

Жуырда кей ақпарат құралдары Сара Назарбаева қыз күніндегі аты-жөніне өтіп алғанын хабарлаған. Тұңғыш президенттің сайтында Нұрсұлтан Назарбаевтың әйелі Сара Алпысқызы Назарбаева деп көрсетілгенімен, ашық дерекке жататын бірқатар қаржы құжатында, қаржы министрінің есебінде Назарбаевтың әйелі және оның үш қызының анасы Сара Алпысқызы Қонақай деп жазылған.

Назарбаевтың жаңа отбасы бар деген сыбыс тарағанына көп болды. OCCRP ұйымының журналистік зерттеуінде 41 жастағы Әсел Құрманбаева экс-президенттің "бейресми әйелі" екені айтылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG