Accessibility links

Қостанайдағы қару-жарақ дүкеніндегі жарылыс: директор бес жылға сотталды


Фемида мүсіні.
Фемида мүсіні.

2 маусымда Қостанай соты былтыр қыркүйекте жарылыс болған қару-жарақ дүкеніндегі төрт адамның өліміне байланысты іс бойынша үкім оқыды. Бұл жөнінде "Алау" ақпараттық порталы хабарлады. Сот "Сатурн-2012" компаниясының директоры Сергей Бескровныйды бес жылға бас бостандығынан айырды.

Сот оны "өрт қауіпсіздігін сақтамай, абайсызда төрт адамның өліміне кінәлі болды" деп таныды. Прокурор оны бес жылға соттауды және жазасын қауіпсіздігі жеңіл колонияда өтеуге жіберуді сұраған.

Ақпаратқа қарағанда, Сергей Бескровный тағылған айыптарды жоққа шығарған. Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, оның адвокаты сотта тергеу органдарының "біліксіздігін" айтып, "тергеу тек кінәлілерді іздеді, жарылыстың нақты себебін анықтаған жоқ" деп айтқан.

Сот барысында қорғау тарабы оқиғаға үшінші тұлғалар кінәлі екенін айтқан. "Қостанай жаңалықтарының" хабарлауынша, директор дүкенге "жарылғыш зат қойылған болуы мүмкін" деген болжам айтқан.

Кейбір жәбірленушілердің адвокаттары айыпталушылардың позициясына келіспеген. Кейбірі дүкен директоры кінәлі екеніне күмәнданған.

Азаттық тілшісі сотталушының адвокатына хабарласуға тырысты, бірақ жауап ала алмады.

Қылмыстық іс биыл қаңтардан бері қарала бастаған.

Іс материалдарына қарағанда, 2022 жылы 2 қыркүйекте Теміртаудан жүк келген, арасында 40 келі оқ-дәрі де болған. Ертесінде жұмысшылардың бірі оны дүкенге жеткізген. Айыптау тарабының сөзінше, 3 қыркүйекте Бескровный жұмысшыны дүкеннің жертөлесіне жіберген. Бірнеше минуттан соң жарылыс болған.

"Дүкеннің жертөлесінде, сарапшылардың пікірінше, 40 келі бос оқ-дәрі салынған жәшік жарылған" деп жазды "Қостанай жаңалықтары".

Айыптау жағының айтуынша, қатты үйкеліс пен соққыдан оқ-дәрі жертөледе түтінсіз өртенген. Маман қорытындысы "жертөледе оқ-дәрі өрт қауіпсіздігі нормаларына қайшы орналасқанын" көрсеткен. Ал қару-жарақ дүкені өрт қауіпсіздігі бойынша мемлекет бақылауынан өтпеген деп айтылады.

Өрт пен жарылыстың салдарынан төрт адам қаза болған, алты адам түрлі дәрежеде жарақат алған. Ақпарат бойынша, Бескровныйдың денесінің 50 пайызы күйіп, жағдайы ауыр болғандықтан, санавиация ұшағымен Астанаға жеткізілген. Ресми мәлімет бойынша, 491 млн теңге көлемінде материалдық шығын келген.

XS
SM
MD
LG