Accessibility links

Нөкісте қамауда отырған үш қазақстандық "жазықсыз сотталғалы жатқанын" айтты


Өзбекстан шекарасында тұрған автобустар. Бейтарап сурет.
Өзбекстан шекарасында тұрған автобустар. Бейтарап сурет.

Қазақстанның үш азаматы Қарақалпақстан астанасы Нөкісте "жазықсыз сотталып бара жатырмыз" деп Астанадан көмек сұрады. Қарақалпақстан ішкі істер министрлігі оларға "бұзақылық жасады", "ақша бопсалады" деген айып тағып, тергеген. Іс сотқа жеткен.

Сотталушылардың адвокаты мен туыстары іс біржақты тергелді деп есептейді. Бір сотталушының інісі Нұркен Жүнісовтің айтуынша, оған бизнестегі бәсекелестері жала жапқан, бұл істі қозғауға солар "тапсырыс берген".

Қазақстанның 37-38 жастағы азаматтары Данияр Жүнісов, Айдос Күбентаев және Ерғали Жақыпбеков 23 ақпаннан бері Нөкістегі №2 тергеу изоляторында отыр. Олар Алматыдан Қарақалпақстанға бизнестегі мәселесін шешуге барған. Данияр Жүнісов – Алматы облысындағы "Керуен" автовокзалының директоры, Айдос Күбентаев – оның орынбасары, ал Ерғали Жақыпбеков – директордың туысы.

– Ағам Данияр Жүнісов автовокзалынан Өзбекстанның кемі алты қаласына жолаушы тасымалдайды. Соның ішінде Нөкістен де. Алайда Алматыдан Нөкіске кеткен автобустар жұмысына қайтар кезде делдалдар кедергі келтірген. Соны шешу үшін Нөкістен басқа автовокзал жалдауға барған. Тіпті бұл мәселені шешу үшін Қарақалпақстанның көлік министрімен кездескен. Ол 1 наурызға дейін мәселені шешеміз деп уәде берген. Кейін оларға делдалдар келіп, қысым көрсеткен. 10 шақты бейтаныс адам жіберіп, күш көрсеткен. Полиция келіп, оларды қамаған, бірақ аяғында менің ағам мен бірге жүрген серігін қылмыскер етіп шығарып, оларды ұрған бейтаныс адамдар жәбірленуші атанды. Олар "бізге шабуыл жасады, ақша бопсалады" деп арызданған. Бұған ағамның бәсекелестері тапсырыс бергеніне сенімдімін, өйткені арызданған адамдар – бәсекелес адамның күйеубаласы және бірге жұмыс істейтін таныстары. Бірақ бәсекелес деген адамды тергемеді. Олар "біздің қатысымыз жоқ" деген. Тергеу біржақты қаралды. Бауырым жазықсыз сотталып бара жатыр. Олар әлі күнге дейін абақтыда не үшін отырғанын өздері де түсінбейді, – деді Азаттықа сотталушы Данияр Жүнісовтің інісі Нұркен Жүнісов.

Азаттық "Іс біржақты тергелгені рас па?" деп сұрамаққа осы істі тергеген Қарақалпақстан ішкі істер министрлігі тергеу басқармасының тергеушісі Мақсет Қалқоразовқа хабарласты. Алайда тергеуші Азаттық тілшісі не үшін хабарласып тұрғанын білгеннен кейін телефон тұтқасын тастап жіберді, кейінгі қоңырауларға жауап бермеді.

Нұркен Жүнісовтің айтуынша, алғашқы сот отырысына Өзбекстандағы Қазақстан елшілігінің қызметкері қатысып, бақылаған.

– Басында іс ашылған кезде елшілік қызметкері тергеу біржақты өткенінен хабардар болды. Ол содан кейін "Өзбекстан билігіне нота жібереміз" деп айтты. Бірақ содан бері еш іс әрекеті байқалмайды, – деді ол.

Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Азаттыққа "бұл істен хабардармыз, мән-жайын анықтап жатырмыз" деді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG