Accessibility links

Ресей депутаты Қазақстанның Украинадағы соғысқа қатысқандарды жауапқа тартатынын "абсурд" деді


Ресей мемлекеттік думасының депутаты Сергей Миронов.
Ресей мемлекеттік думасының депутаты Сергей Миронов.

Ресей мемлекеттік думасының депутаты әрі "Справедливая Россия" фракциясының жетекшісі Сергей Миронов Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстанда Украинадағы соғысқа қатысқандарды қылмыстық жауапқа тартуды "абсурд" деді. Оның бұл сөзі Twitter парақшасында жарияланды.

Миронов бұл елдер Еуразия экономика одағына кіретіндіктен "мәселені мемлекеттер арасында шешу керек" деп санайды.

"Егер бұл елдің орыс азаматтары өзінің тарихи отанына көмектескісі келіп, арнайы әскери операцияға барам десе, түрмеге қамайды. Бұл – абсурд! Біз мұны мемлекеттік деңгейде шешуді ұсынамыз" деді ол видеомәлімдемесінде.

Ал Қырғызстан парламентінің депутаты Дастан Бекешев Twitter парақшасында ел азаматтарының қандай да бір соғысқа қатысуын қолдамауымыз керек деп жазды.

"Еуразия экономика одағы – әскери одақ емес" дейді Бекешев.

Қазақстан мен Өзбекстан депутаттары Мироновтың сөзіне қатысты әзірге пікір білдірген жоқ.

Бұған дейін үш елде шетелдегі соғысқа қатысқан азаматтар қылмыстық жауапқа тартылады.

Ресей 2022 жылы 24 ақпанда Украинаға басып кіріп, қазір шайқас негізінен Украинаның шығысында жүріп жатыр. БҰҰ-да Ресей басқыншылығын сынайтын резолюцияны 143 ел қолдаған еді. Қазақстан мен Қырғызстан қалыс қалған. Үш елдің ресми өкілдері "Ресеймен де, Украинамен де достықтың маңыздылығын" айтып, қақтығыстың "бейбіт жолмен шешілуін" қолдаған.

Қазақстан Ресейдің Украинаға басқыншылығын сынамаған, бірақ Украинаның аумақтық тұтастығын қолдаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG