Accessibility links

"Алтын орда" базары директорының орынбасары ұсталды


Алматыдағы ірі базар маңында жүрген полиция қызметкерлері. Көрнекі сурет.
Алматыдағы ірі базар маңында жүрген полиция қызметкерлері. Көрнекі сурет.

Алматыда "Алтын орда" базары директорының орынбасары ұсталды, деп хабарлады полицияның баспасөз қызметі мен "Пятый регион" Инстаграм-арнасына сүйенген ҚазТАГ агенттігі.

"2 маусымда ұсталды. BMW маркалы көлікпен қарулы топтың жүргені жайлы ақпарат Қарасай аудандық полиция басқармасына түсті. Ұсталғандар арасында "Алтын орда" әмбебап базары директорының орынбасары да бар" деді полицияның баспасөз қызметі.

Ұсталғандардың аты-жөні аталмайды. Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, Алматы облысы Қарасай ауданының полиция қызметкерлері Алматы-Бішкек автожолында BMW көлігін тоқтатқан. Тінту барысында жолаушылардан "ерекше иісі бар ақ түсті ұнтақ, МК-471С пистолеті" табылған. Қазір сот-химия сараптамасы тағайындалған.

Фактілер "Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру" (287-бап, 3-бөлік) және "Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу" (296-бап, 4-бөлік) баптары бойынша тіркелген.

"Пятый регион" базарды "басып алу талпынысы" болуы мүмкін деп жазған. Бірақ бұл ақпаратты растайтын немесе растамайтын дереккөз табылмады.

Алматы шетінде орналасқан "Алтын орда" базарын экс-президенттің туған бауыры Болат Назарбаевпен байлыныстырады. Қаңтар оқиғасынан кейін осы базармен байланысты заңсыздықтар жиі айтыла бастаған.

Бір күн бұрын премьер-министрдің баспасөз қызметі тексерістің нәтижесінде "Алтын орда" базарынан 300-ден астам заңсыздық анықталғанын хабарлаған.

Қаңтар айында кейбір БАҚ Алматының шетіндегі "Алтын орда" базарының бұрынғы басшылығына халықаралық іздеу жарияланғанын жазған еді.

Бұған дейін президент Тоқаев "Алтын орда" базарында тәртіп орнатуды тапсырған. "Бұл жер пайдакүнемдерге нағыз майшелпекке айналды. Бұған Алматыдағы Қаңтар оқиғасы кезінде анық көз жеткіздік. Бұл басқа өңірлерге де қатысты мәселе. Қажет болса, бұл жұмысқа құқық қорғау органы өкілдері атсалыссын. Екі ай уақыт беремін", – деген еді Тоқаев.

Бұған дейін Алматы облысының монополияға қарсы департаменті "Altyn Orda QazTrade LTD" компаниясына қарсы әкімшілік іс қозғаған. Сот компаниядан "монополиялық жолмен бағаны көтеру арқылы алынған" 46 миллион теңге табысын тәркілеп, 1,4 миллион теңге мөлшерінде айыппұл салған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG