Accessibility links

Владимир Зеленский Киев шабуылға дайын екенін айтты


Владимир Зеленский
Владимир Зеленский

Украина президенті Владимир Зеленский америкалық Wall Street Journal басылымына берген сұхбатында Киев шабуылға дайын деп мәлімдеді. Бірақ Украина басшысы әскери операция нақты қай күні басталатынын айтпады.

Зеленский Украинаға азаматтарын әуе шабуылынан қорғау үшін және алдыңғы шептегі әскерін бүркемелеу үшін америкалық "Пэтриот" жүйесінің көп данасы керек деді.

Президент Ресейдің әуе шабуылында басымдыққа ие екенін мойындайды. Зеленскийдің сөзінше, Ресей авиациясынан қорғайтын жүйе жоқ болғандықтан Украина жағы шабуыл кезінде көп әскерінен айырылады.

Ол Литвада шілдеде өтетін әскери одақ саммитінде Украинаны НАТО-ға мүше ретінде алу мәселесі оңтайлы шешілгенін қалайды. Ол соғыс жалғасып жатқан тұста әскери одақ Украинаны альянсқа мүше ретінде бірден алады деп күтпейді, бірақ саммитте соғыс аяқталғаннан кейін әскери одаққа қосатыны жөнінде уәде алғысы келетінін жеткізді.

Wall Street Journal журналына берген сұхбатында Зеленский Қытайды Ресейді тежеуге шақырды. Украина басшысы көктемде Қытай жетекшісі Си Цзиньпинмен сөйлескенін еске алды. Оның айтуынша, Си Цзиньпин оған Пекин Ресейге қару-жарақ бермейді деп сендірген.

  • Украина басшылары көктем не жазда шабуылды бастайтынын бұған дейін бірнеше рет айтқан. Оның мақсаты – елді тұтас орыс әскерінен азат ету деп айтылады. Шабуыл қарсаңында Украина Батыс елдерінен бронды техника мен артиллерия алған. АҚШ соғыс басталғалы бері Украина қауіпсіздігі үшін 37 млрд доллардан астам қаражат бөлген.
  • Ресей 2014 жылы Қырымды аннексиялап алған, 2022 жылы Украинаның тағы төрт облысын аннексиялағанын мәлімдеді. Ол Херсон, Запорожье, Донецк және Луганск облыстарының бір бөлігін, Харьков облысының шағын бөлігін бақылауда ұстап отыр. Украина барлық жерін азат ететінін мәлімдеген.
  • Бұған дейін Кремль Мәскеу Украина мен одақтастарының шабуыл жайлы айтқандарын мұқият бақылайтынын айтқан. Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтің айтуынша, Ресей қорғаныс министрлігі бұл деректерді "арнайы әскери операцияны" (Ресей билігі Украинаға қарсы соғысын солай деп атайды) жоспарлау кезінде қолданады.
XS
SM
MD
LG