Accessibility links

Қытай қорғаныс министрі АҚШ-пен кикілжіңді "ғаламдық апатқа" теңеді


Қытай қорғаныс министрі Ли Шанфу
Қытай қорғаныс министрі Ли Шанфу

Қытай қорғаныс министрі Ли Шанфу Сингапурдағы саммит кезінде Қытай АҚШ-пен диалогқа ұмтылады деп мәлімдеді. Бірақ Қытай мен АҚШ кикілжіңге келсе, бүкіл әлемге қауіп төнеді деді.

Ли Шанфу қарама-қайшылықтарға қарамастан АҚШ пен Қытай мүдделерінің тоғысатын тұсын тауып, әріптестікке мүмкіндік іздеуі тиіс деді. Ол бір мезетте АҚШ-ты Тынық мұхиты аумағындағы жағдайды тұрақсыздандыруға тырысты деп айыптады.

Министр жексенбі күні таңертең қытай әскери кемесі Тайвань бұғазында Канадамен ортақ жаттығуға қатысқан америкалық кемемен соқтығыса жаздағанын айтты. Ол АҚШ пен Канада әскери кемелерінің Қытай суына жақын маңда жүруін "арандату әрекеті" деп атап, АҚШ жағдайды ушықтырғысы келмесе, әскери кемелерін Қытайдың мүдде аймағынан шығаруы тиіс деді.

Бұл наурыз айында қорғаныс министрі қызметіне кіріскен Ли Шанфудың алғашқы ірі мәлімдемесі. Бірнеше күн бұрын ол америкалық әріптесі Ллойд Остинмен тіке келіссөз жүргізуден бас тартқан.

Сенбі күні Сингапурдағы саммитте сөйлеген Ллойд Остин егер Қытай Тайваньға қарсы әскери әрекет бастаса, бұл халықаралық экономика үшін апат болады деді. Ол АҚШ Тайваньның тәуелсіздігін қолдайтынын да атап өтті.

"Жауапты басшылар кез келген сәтті диалог жасайтын ең тиімді сәт деп санайды. Сондай сәт қазір туып тұр. Диалог дандайсытып жіберу емес, бұл қажеттілік" деді Ллойд Остин.

  • Қытай билігі Тайваньды өз аумағы деп есептейді. АҚШ БҰҰ-ның көп мемлекеті тәрізді Тайваньды тәуелсіз деп танымайды, бірақ Қытайдың оны күштеп қосып алу ниетіне қарсы.
XS
SM
MD
LG