Accessibility links

Сот шешіміне келіспеген көкшетаулық Астанада темір бағанаға шығып, наразылық білдірді


Полицейлер темір бағана үстіне шығып алған көкшетаулық әйелді түсіруге тырысып жатыр. Астана, 5 маусым, 2023 жыл.
Полицейлер темір бағана үстіне шығып алған көкшетаулық әйелді түсіруге тырысып жатыр. Астана, 5 маусым, 2023 жыл.

Көкшетау тұрғыны Нұрила Исакова Астанаға келіп, ескі вокзал маңындағы 20 метрлік темір бағанаға шығып, баспана мәселесіне назар аудартуға тырысты.

Оқиға орнына келген полицейлер мен құтқарушылар түс ауа әйелді күштеп түсіріп алды. Исакова 5 маусым күні түнде бағана басына шығып, талабы орындалмайынша түспейтінін айтқан. Ол "баспана мәселеме құзырлы органдардың назарын аудару үшін бардым" дейді.

Полиция Азаттыққа Исакованың мәселесін "назарға алғанын" мәлімдеді.

– Бұл кісі аяқастынан өзі қиыншылыққа тап болған ғой. Сол қиыншылықпен осындай іс әрекетке барып отыр. Біздің жұмысымыз – осындай кісілерді қауіпті жерлерден алып, аман сақтап қалу, – деді полицей Серік Малдыбаев.

45 жастағы Нұрила Исакова Азаттыққа ұзақ жылдан бері Көкшетауда базар маңындағы жер үйі үшін күресіп келетінін айтты. Сөзінше, ол бұл үйді 1992 жылы біреуден сатып алған. Кейін ол адам өмірден өткен соң, мұрагерлер пайда болып, дау туындаған. Жалғызбасты ана 30 жылдан астам уақыт үйдің салығын төлеп келе жатқанын, соттың әділетсіз шешімінің салдарынан үйінен айырылуы мүмкін екенін айтады.

– Мен өзімнің әрекетім дұрыс екенін дәлелдегім келеді. Үй мен жер учаскесі менің екі балама тиесілі. 45 жасқа келдім, мен бұл жүйемен күресе бастағанда жап-жас қыз едім. Олар келіп менің балаларымды неге ата салмайды? Заңды тұрғыда бізді өлтірді, енді тура мағынасында өлтіру ғана қалды, – дейді ол.

Исакова баспанасы дұрыс рәсімделмегенін "жергілікті органдардағы жемқорлықтан" көреді. "Үйім тұрған жердің бағасы өсті, осыған кейбір шенеуніктер қызығып отыр" дейді ол.

Жалғызбасты әйел бұған дейін де осылай наразылық білдірген. 2020 жылы Жоғарғы сот, президент әкімшілігі ғимараты алдында пикетке шықса, 2021 жылы Астанадағы ескі вокзал маңындағы жатақхананың төбесінен секірмек болған. Әр наразылықтан соң құзырлы органдар оның мәселесіне назар аударатынын айтып келеді, бірақ нәтиже жоқ.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG