Accessibility links

Қазақстан қытайлық CNPC корпорациясымен мұнай-газ саласындағы бірнеше ірі жобаны талқылап жатыр


Шымкент мұнай өңдеу зауыты. Бұл зауытты қазақстандық "ҚазМұнайГаз" өндіру барлау компаниясы (33%) мен қытайлық CNPC компаниясы (67%) "ПетроҚазақстан инк" біріккен компаниясы арқылы басқарады.
Шымкент мұнай өңдеу зауыты. Бұл зауытты қазақстандық "ҚазМұнайГаз" өндіру барлау компаниясы (33%) мен қытайлық CNPC компаниясы (67%) "ПетроҚазақстан инк" біріккен компаниясы арқылы басқарады.

Қазақстан қытайлық CNPC (China National Petroleum Corporation) корпорациясымен мұнай-газ саласындағы бірнеше ірі жобаны талқылап жатыр. Бұл жөнінде әртүрлі саладағы мемлекет активтерін басқаратын "Самұрық-Қазына" холдингінің баспасөз қызметі хабарлады.

Қордың хабарлауынша, "ҚазМұнайГаз" бен CNPC Кеңқияқ –Атырау мұнай құбырының өткізу қабілетін реверс режимінде жылына 6 млн тоннаға дейін жеткізуге және Кеңқияқ – Құмкөл магистралінікін жылына 5 млн тоннаға бірлесіп кеңейтуді жоспарлап отыр". Тараптар алдын ала зерттеу жүргізуге келіскен.

Бұған қоса, тараптар Шымкент мұнай өңдеу зауыты өндірісін жылына 6 млн тоннаға ұлғайту мәселесін де талқылаған. Тараптар "ресурстық базаға, өткізу нарығына және бизнес-модельге талдау жүргізуге" келіскен.

"Өткізу қабілеті жылына 15 млрд текше метр болатын Бейнеу – Бозой – Шымкент газ құбырының екінші тармағын салуға CNPC қатысуы да талқыланды. QazaqGaz бен CNPC бірлескен жұмыс тобын құру, сондай-ақ 31 желтоқсанға дейін техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеу және жобаны қаржыландырудың алдын ала көздерін анықтау туралы шешім қабылданды" деп жазылған қордың баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Қордың хабарлауынша, QazaqGaz бен CNPC сонымен бірге жұмыс тобын құрып, Қашағанда жылына 4 млрд текше метр газ өңдейтін зауыт құрылысы мәселесін де талқылайды.

Қытай билігіне қарайтын CNPC Қазақстанның мұнай-газ саласындағы көптеген ірі жобаға қатысады. Ресми БАҚ-тың мәліметінше, Қазақстанда CNPC кор­по­ра­ция­сының қатысуымен жеті мұнай өңдеу жобасы, екі мұнай құбыры, екі газ құбыры, бір мұнайды қайта өңдеу зауыты мен темір құбырлар шығаратын бір зауыт жұмыс істейді. Корпорация сонымен бірге "ҚазМұнайГазбен" бірігіп, "СНПС-Ақ­тө­бе­мұнайгаз", "ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз" және "ПетроҚазақстан Ойл Продакст" (Шымкент мұнай өңдеу зауыты), "Маңғыстаумұнайгаз", Азия­ газ құбыры, Қазақстан – Қы­тай құбыры сияқты бірқатар бірлескен жобаны іске асырады. Одан бөлек, CNPC корпорация­­­­­­сы North Caspian Operating Com­pa­ny консорциумының құ­ра­­мында Қашаған мұнай кен орнын игеріп жатыр.

Биыл көктемде Қазақстан билігі Қашаған мұнай кен орнын игеріп отырған ірі кәсіпорын North Caspian Operating Com­pa­ny-дан 2,3 триллион теңге (5,1 миллиард доллар) айыппұл төлеуді талап етіп, сотқа арыз түсірген.

Былтыр қарашаның аяғында Ақтөбе облысының экология департаменті "СНПС-Ақтөбемұнайгаз" компаниясына айыппұл салған. Департамент мұнай ұңғымасынан беймәлім сұйықтық ағып, айналаны ластағанын анықтаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG