Accessibility links

Астанада бір аптадан бері сусыз қалған кешен тұрғындары наразылық білдіріп, көшені жапты


Сусыз қалған тұрғындар көшені жауып тұр. Ulysmedia видеосынан скриншот.
Сусыз қалған тұрғындар көшені жауып тұр. Ulysmedia видеосынан скриншот.

6 маусымда кешкісін Астанада бірнеше кешен тұрғындары үйлеріне су тұрақты берілмей жатқанын айтып, көшені жапты.

Ulysmedia.kz сайтының хабарлауынша, наразылар "Миллениум саябағы" тұрғын үй кешені маңындағы көшені жапқан. Сегіз күннен бері су жөнді берілмей жатқанын айтқан тұрғындар "су беріңдер!" деп айқайлаған.

Тұрғындардың сөзіне қарағанда, оларға су түнгі сағат 2 мен 5 аралығында ғана беріліп жатыр. Мұндай жағдай бір аптадан бері қалыптасқан. Олар 37 градус ыстықта әжетханаға бара алмайтынын жеткізген. Жақын маңдағы дүкендерде су жылдам азайып жатыр.

Наразы тұрғындарға көрші "Браво" тұрғын үй кешенінің тұрғындары да қосылған.

Жиналғандарға Алматы ауданының әкімі Самат Мақсатұлы келіп, тұрғындардан шыдай тұруды өтініп, өзі де "кесте бойынша жуынатынын" айтқан.

Алматы ауданы әкімдігінің хабарлауынша, құрылыс компаниясы су құбырын толық жөндеп бітпегендіктен, аталған кешендердің су құбыры жүйесі "Астана су арнасының" балансына берілмеген. Жұмысты аяқтау үшін тағы бір-екі күн керек.

Ал Астана әкімі Жеңіс Қасымбек видеомәлімдеме жасап, су тапшылығы мәселесін алдағы айларда шешуге уәде берген.

Астана тұрғындары бірнеше аптадан бері су тапшылығына шағымданып келеді. Бұған дейін Астанада BI Group кешенінің тұрғындары да жолды жапқан.

Әкімдік өкілдері сол кезде судың тұрақсыз берілуіне "қала халқының өсуі мен қарқынды құрылыстар себеп" деп түсіндірген.

XS
SM
MD
LG