Accessibility links

Тіркелмеген "Ел тірегі" партиясының жетекшісі Нұржан Әлтаев ұсталды


Нұржан Әлтаев.
Нұржан Әлтаев.

Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі тіркелмеген "Ел тірегі" партиясының жетекшісі, бұрынғы мәжіліс депутаты Нұржан Әлтаев ұсталғанын растады. Ведомство ол "ірі көлемде пара алды" деген күдікке ілінгенін айтты. Бұл жөнінде жергілікті ақпарат агенттіктері хабарлады.

Бұған дейін жергілікті телеграм-арналар бірнеше адам Әлтаевқа ұқсас адамды қоршап, оған "Миранда ережелерін" оқып тұрғаны жөнінде видео таратқан.

7 маусымда кешке қарай саясаткердің телефоны өшірулі тұрды. Азаттық тілшісі оның көмекшісіне хабарласқанымен, ол сұрақтарға жауап бермеді.

Kozachkov offside телеграм-арнасы өз дереккөздеріне сүйене отырып, Әлтев ауыл шаруашылығы вице-министрі болған кездегі қызметіне байланысты күдікке ілініп отырғанын жазды. Бірақ бұл ақпаратты растайтын әзірге өзге дереккөз табылмады.

Ол ауыл шаруашылығы вице-министрі қызметін 2017 жылғы қарашадан 2018 жылғы қаңтарға дейін атқарған. 2018 жылғы ақпаннан бастап шамамен бір жыл еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі болған.

Нұржан Әлтаев 2019-2020 жылдары "Нұр Отан" партиясының атынан парламент мәжілісінің депутаты болған. Жаңа партия құратыны туралы мәлімдемесінен кейін депутат мандатынан айырылып, сол кездегі "Нұр Отаннан" (қазіргі "Аманат" партиясы) шығарылған.

Саясаткер кейінгі кезде "Ел тірегі" партиясын құруға талпынып жүргенін, әділет министрлігі ұйымды тіркемей отырғанын айтып шағымданған. Ал әділет министрлігі өзіне қатысты айтылған айыптарды жоққа шығарған.

Әлтаев кейінгі парламент сайлауында өзін-өзі ұсынушы кандидат ретінде мәжіліске өтпей қалып, сайлаудың әділетсіздігін айтқан "Халық парламенті" құрамына қосылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG