Accessibility links

Қаржы министрі Жамаубаев: "Елбасы кеңсесі" таратылады


Бірінші президент кеңсесін күзетіп тұрған полиция қызметкерлері.
Бірінші президент кеңсесін күзетіп тұрған полиция қызметкерлері.

"Бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаевтың кеңсесі 45 күн ішінде таратылады" деп мәлімдеді 7 маусымда қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев.

Оның айтуынша, кеңсеге бөлінетін мемлекеттің 3 млрд теңге қаржысы (6,6 млн доллар) өзге қажеттіліктерге жұмсалады.

Бұған дейін әділет министрлігі Қылмыстық кодекстің бірінші президентке тіл тигізгендерді жазалайтын бапты алып тастауды қарастыратын түзетулері парламентке түскенін хабарлаған. Қазіргі заң бойынша, бірінші президентке тіл тигізгендер бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қаңтар оқиғасынан кейін Назарбаевтың рөлін әлсірететін бірқатар қадамға барған. Бұрынғы президент 2019 жылы отставкаға кеткеннен кейін Қауіпсіздік кеңесіне жетекшілік етіп, саяси ықпалын сақтап қалған еді.

Биыл Назарбаев пен оның отбасына берілген артықшылықтар жазылған "Тұңғыш президент – Елбасы туралы" заңның күші жойылды. Алайда "Президент туралы" заңға сәйкес, Назарбаевтың сотпен қудаланбайтын иммунитеті бар.

Қаңтар оқиғасынан бері Назарбаев жұрт алдына сирек шыға бастады. Былтыр жыл басында елдің батысында сұйылтылған газдың қымбаттауына байланысты тұтанған наразылық бірте-бірте Қазақстанның барлық аумағына жайылған. Митингілер кезінде жемқорлық пен тамыр-таныстықты жою қажеттігі айтылды. Наразылық кейбір қалаларда тәртіпсіздікке ұласты. Тоқаев "ескертусіз оқ атуға" бұйрық берді. Қанды Қаңтар кезінде кемінде 238 адам қаза болды.

Қаңтар оқиғасы кезінде Тоқаев Қауіпсіздік кеңесінің жетекшісі Назарбаевты алмастырды. Назарбаевтың туыстары мен оның айналасындағы лауазымды тұлғалардың бірқатары қызметінен айырылып, кейбірі қамалды.

XS
SM
MD
LG