Accessibility links

Халықаралық форумға орайластырып митинг өткізбек болған белсенділердің алды ұстала бастады


Бейтарап сурет.
Бейтарап сурет.

8 маусымда Астанада президент Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық форумда сөз сөйлеп жатқанда, Қазақстанның кейбір аймақтарында сол форумға орайластырып митинг өткізгісі келген белсенділердің алды ұстала бастады.

Алматыда белсенді Әсет Әбішевті полиция үйінің маңынан ұстап әкетті. Белсенді желідегі парақшасында тікелей эфирден хабар таратты. Видеода белсендінің үйінің маңын жай киім киген адамдар мен форма киген полиция қызметкерлері торуылдап жүргені көрінеді. Форма киген екі полиция қызметкері өздерін таныстыра сала, белсендіні шап беріп ұстайды. Видео сол жерден үзіледі.

Бибігүл Иманғалиеваның да үйіне полиция барған. Ол үйінің алдында тікелей эфирге шықпақшы болған. Алайда сәлден соң эфир үзілген. Жақтастары полиция оның телефонын тартып алған болуы мүмкін деп болжайды. Әзірге Азаттық белсендіге хабарласа алмады.

Бейсенбі күні таңертең Ақмола облысында белсенді Амангелді Жахин үйін полиция торуылдап жүргенін хабарлаған.

Бұған дейін белсенділердің бірқатары халықаралық форум кезінде Қазақстанның үш қаласында (Алматы, Астана, Петропавл ) саяси тұтқындарды босатуды талап ететін митинг өткізу туралы өтініш берген. Жергілікті әкімдік оларға рұқсат бермеген. Кейбір қалада билік 8-9 маусымда белсенділер айтқан орында басқа шара өтетінін айтқан.

Белсенділер митингіде үш түрлі талап қоятынын айтқан: азаматтық белсенді Марат Жыланбаевты босату, саяси тұтқындарды босату және "Алға, Қазақстан" оппозициялық партиясын тіркеу.

"8-9 маусымда Астанада халықаралық форум өтеді. Онда билік шетел саясаткерлеріне, дипломаттарына, ғалымдары мен кәсіпкерлеріне Қазақстандағы "реформалар" туралы айтады, алайда (ескерту берілгеннен кейінгі) заңсыз ұстаулар биліктің мәлімдемесін жоққа шығарады" деп жазылған #БелсенділерЭкстремистЕмес тобының телеграм-арнасында.

Бұған дейін билік халықаралық форумды "климаттың өзгеруіне, азық-түлік тапшылығына және энергетикалық қауіпсіздікке қатысты мәселелерді шешу жолдарын қарастыру мақсатында шетел үкіметтерінің, халықаралық ұйымдардың, бизнес пен ғылыми ортаның жоғары лауазымды делегаттарының диалогына арналған алаң" деп атаған. Оған қатысушылар арасында Халықаралық валюта қорының жетекшісі Кристалина Георгиева, Қырғызстан басшысы Садыр Жапаров, Өзбекстан премьер-министрі Абдулла Әріпов, ЮНЕСКО бас директоры Одрэ Азуле бар.

Қазақстанда бейбіт митингілер алдында белсенділерді ұстау – жиі кездесетін тәжірибе. Құқық қорғаушылар азаматтардың бейбіт жиналу құқығы жиі бұзылатынын айтып, 2020 жылы қабылданған бейбіт жиын туралы заңдағы кедергілерді алып тастауды талап етіп келеді. Билік сынға келіспейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG