Accessibility links

Шымкент соты мәжіліс депутаты арызданған белсендінің ісін қысқартты


Нұркен Айнабеков сотта сөйлеп тұр. Шымкент, 7 маусым, 2023 жыл.
Нұркен Айнабеков сотта сөйлеп тұр. Шымкент, 7 маусым, 2023 жыл.

7 маусым күні кешкісін Шымкент қалалық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты мәжіліс депутаты Болатбек Нажметдинұлының бұрынғы кәсіпкер, белсенді Нұркен Айнабековтің үстінен жазған арызы бойынша істі қысқартты. Судья істе қылмыс құрамы жоқ деп тапты.

Сот процесіне судья Серік Ниязбек төрағалық етті. Мәжіліс депутатының мүддесін адвокат Ғалым Тауасаров қорғады.

26 мамыр күні Шымкент қаласының тұрғыны Айнабеков Facebook-тегі парақшасында "Қылмыскер қалай депутат болды?" деген тақырыппен жазба қалдырған. Онда Болатбек Нажметдинұлы "парақорлық және контрабандалық қылмыс жасағаны үшін" сотталғаны, сот қаулысының күші жойылмағаны жазылған және бұл туралы өзге жазбалар тіркелген.

Осыдан кейін Нажметдинұлы Айнабековті "жала жапты, іскерлік беделім мен ар-намысыма, қадір-қасиетіме нұқсан келтірді" деп айыптап, сотқа шағым түсірген. Адвокат Тауасаровтың соттағы сөзінше, мәжіліс депутатының бұрын сотты болмағанын Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті берген анықтама дәлелдейді.

Айнабеков сотқа 2003 жылғы 8 наурызда шыққан Жоғарғы соттың қаулысын ұсынды. Қаулыға қарағанда, 2001 жылғы 8 мамырда Сарыағаш аудандық соты сол кезде ҰҚК шекара қызметінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің басқарма басшысы болған Болатбек Нажметдинұлын "билікті не қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану" бабы (1997 жылы қабылданған Қылмыстық кодекстің 308-бабы) және "құжаттарды, мөртаңбаларды, мөрлерді ұрлау немесе бүлдіру" бабымен (324-бап) кінәлі деп танып, үш жылға бас бостандығынан айырған. Ол рақымшылыққа ілініп, жазадан босаған. Нажметдинұлы апелляциялық және кассациялық шағым түсірген. Облыстық сот пен Жоғарғы сот аудандық соттың қаулысын күшінде қалдырған.

Судья Ниязбек Жоғарғы соттың қаулысымен танысуға уақыт бергенімен, адвокат Тауасаров өз пікірінде қалатынын қайталады.

– Нажметдинұлы "сыбайлас жемқорлық жасады" деп жала жапты" дейді. Бұл факт бойынша Жоғарғы сот қаулысының күші бар. Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті берген анықтама техникалық қате шығар, – деді судья қорғаушыға.

Судья мәжіліс депутатының арызы негізінде Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің "жала жабу" бабымен қозғалған істі қылмыс құрамы болмауына байланысты қысқартты.

– Нажметдинұлының соттылығы бүгінге дейін бұзылмаған. Оның мәжіліс депутаты болып жұмыс істеуге құқығы жоқ, – дейді Нұркен Айнабеков.

2023 жылы кезектен тыс парламент сайлауында Шымкентте Болатбек Нажметдинұлы өзін-өзі ұсынып, депутаттық мандат алған. Оған дейін кәсіпкерлікпен айналысқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG