Accessibility links

Ақтауда Каспий теңізінің тартылуына байланысты төтенше жағдай жарияланды


Каспий теңізінің жағалауы.
Каспий теңізінің жағалауы.

Ақтауда жергілікті деңгейдегі табиғи сипаттағы төтенше жағдай режимі енгізілді. Бұл шара Каспий теңізі суының тартылуына жол бермеу үшін қолға алынып отыр деп хабарланды.

"7 маусымнан бастап жобалау-іздестіру жұмыстарын жүргізу үшін жергілікті ауқымдағы табиғи төтенше жағдай жариялау туралы шешім қабылданды" деп хабарлады қала әкімдігінің баспасөз қызметі.

Төтенше жағдай режимін енгізу Маңғыстау атом энергетика комбинатының жұмысына әсер етпейді деп айтылды. Сонымен қатар қаланы электр энергиясымен және сумен қамтамасыз ету қалыпты жағдайда жүргізіле береді.

8 маусымда экология министрі Зүлфия Сүлейменова Каспий теңізіне қатысты жағдайға түсініктеме бере отырып, теңіздің экожүйе ретіндегі жағдайы "өте күрделі" екенін растады.

"Бірқатар фактор бар. Біріншіден, өзендер ағынының бәсеңдеуі байқалады. Каспий – тұйық су айдыны. Өзен сулары тұрақты келіп тұрмаса, суқойманың жағдайы қиын болады. Каспийге құятын өзендердің жағдайын көріп отырмыз. Кез келген өзгерістің әсері бар" деп келтіреді Ulysmedia.kz министрдің сөзін.

Министр тағы бір фактор ретінде өзендердің жағдайына әсер ететін климаттың өзгеруін атады. Ол бұл мәселе Каспий маңы елдері арасында көтеріліп жатқанын жеткізді.

Бұған дейін Ақтау тұрғындары әлеуметтік желілерде Каспий теңізінің суы қара түске боялғанын хабарлаған. Маңғыстау облысының экология департаменті мұны судағы балдырлардың шіруімен және судың лайлануымен байланыстырған болатын. Мамандар бұл табиғи құбылысты теңіздің таяздануынан деп түсіндірді.

Экологтардың айтуынша, бұл жағдайға жақын маңда жуырда заңсыз салынып, кейін бұзылған пирс те әсер еткен.

2020 жылдың аяғында климатты бақылаушылар Каспий теңізіндегі су деңгейі үнемі төмендеп жатқанын айтты. Оның себебі – жаһандық жылыну салдарынан температураның көтерілуі.

XS
SM
MD
LG