Accessibility links

Air Astana әуекомпаниясына "нарықтағы үстемдігін асыра пайдаланғаны үшін" айыппұл салынды


Air Astana әуекомпаниясының ұшағы.
Air Astana әуекомпаниясының ұшағы.

Әуебилеттің әсіресе жазғы демалыс уақытында қымбаттауы туралы тұрғындардың шағымынан кейін бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі көлік прокуратурасымен бірлесе отырып Air Astana әуекомпаниясының қызметін тексергенін хабарлады.

Агенттік таратқан ақпаратқа сай, тексеру нәтижесінде Air Astana әрекетінен әуетасымал нарығындағы "үстемдігін асыра пайдалану" фактілері анықталған. Компания әрбір билеттен жанармайға қосымша төлемді негізсіз өндірумен айналысқан.

8 маусымда Алматы қаласының әкімшілік құқықбұзушылық істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Air Astana компаниясына 6,7 миллиард теңге көлемінде айыппұл салды.

Шешім заңды күшіне әлі енген жоқ.

Компания бұл айыппұлға қатысты сот шешіміне шағымданатынын жеткізді.

"Әуекомпания құрылған күннен бастап өз қызметін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырып келеді. Монополистік жоғары баға орнатуға қатысты әуекомпанияға жүргізілген тексеру тасымалдаушының жұмысында ешқандай заңбұзушылық анықтаған жоқ. Агенттікке тағылған айып тек жанар-жағармайға қосымша төлемдерді өндіруге байланысты болып отыр. Бұл айыптың еш негізі жоқ" деп хабарлады Air Astana өкілдері.

Тасымалдаушы "әуекомпаниялардың жанармайға қосымша ақы алуы заңды және ол "Әуе кеңістігін пайдалану туралы" заңда қарастырылған" деп мәлімдеді.

Бұған қоса, әуекомпания сот процесі "көптеген процестік заңбұзушылықпен" өтті деп отыр. Компания бұл шешімге қарсы шағым түсірмекші.

Компанияға Қазақстан аумағында рейстерді кешіктіргені үшін былтыр да бірнеше рет айыппұл салынған.

Air Astana компаниясы (51 пайыз акциясы "Самұрық–Қазынаға" және 49 пайыз акциясы британиялық BAE Systems-ге тиесілі) ұлттық әуетасымалдаушы деп есептеледі.

Қазақстанда кейінгі жылдары әуебилет бағасы үздіксіз өсіп келеді. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, мамыр айының нәтижесі бойынша, әуетасымал қызметінің құны 11,5 пайыз қымбаттаған.

XS
SM
MD
LG