Accessibility links

Абай облысында өрт сөндіріліп жатыр. Тоқаев төтенше жағдай министрін қызметінен босатты


Абай облысындағы орман өрті сөндіруге жиналған мамандар. Төтенше жағдай министрлігінің суреті.
Абай облысындағы орман өрті сөндіруге жиналған мамандар. Төтенше жағдай министрлігінің суреті.

Қазақстанның шығысындағы Абай облысында өрт жалғасып жатқан шақта президент Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай министрі Юрий Ильинді қызметінен алды. Тиісті жарлық сенбі күні Ақорда сайтында жарияланды.

Қазақстанның шығысындағы Абай облысында орман өртін сөндіруге аптап ыстық пен жел, құмды жер және өртке кіруге қиындықтар бөгет жасап жатыр. Бұл жөнінде 10 маусымда таңертең төтенше жағдай министрлігінің өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Нұрболат Дербісов мәлімдеді.

“Жағдай тұрақты. Азаннан бастап ұшақпен өртті барлау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Таңғы 6-дан бастап 8 тікұшақ өртті сөндіруге кірісіп кетті. Одан бөлек, барлық техника мен жеке құрам өртті сөндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр” деді ол.

Министрлік өрт аумағын айтпады. Түндегі мәлімет бойынша, өрт 60 мың гектардан астам жерге жайылған.

Жұма күні кешке төтенше жағдай министрлігі ахуал қиындағанын мәлімдеген. Ізінше Абай облысына президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың баратыны хабарланды. Ол Вьетнамға сапарын кейінге шегерген.

Бұған дейін өртті сөндіруге Алматы, Жетісу және Қарағанды облыстарынан қосымша күштер мен құралдар, Қызылорда облысынан 1 тікұшақ жіберіліп жатқаны хабарланған. Өртті сөндіруге қорғаныс министрлігінң бөлімшілері де кіріскен.

Облыс әкімдігі эвакуацияланған елдімекен тұрғындарына Семейден 800 орын дайындалғанын хабарлаған. Эвакуация пунктері колледж, жоғары оқу орындары мен қонақүйлерге шоғырланған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG