Түркия астанасы Анкарада ракета және жарылғыш заттар шығаратын зауытта жарылыс болып, одан кейін өрт басталған. Бұл жөнінде TRT Haber және CNN Türk хабарлады.
Түркия қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, 5 адам қаза болған. Бесеуі де – зауыт жұмысшылары. Жергілікті БАҚ көп адамның зардап шеккенін жазды. TRT Haber-дің жазуынша, кейбірі ауруханаға жағдайы ауыр күйде жеткізілген. Оқиға орнында құтқару жұмыстары жүргізіліп жатыр.
CNN Turk-тің хабарлауынша, өрт сөндірілген. Жарылыстың неден болғаны әзірге айтылмайды. Сот және әкімшілік тергеу басталған.
Зауыт елдің қорғаныс-өнеркәсіп саласындағы ірі кәсіпорын "Механика және химия өнеркәсібі корпорациясына" (МКЕ) тиесілі. Ол Анкараның шығысында тұрғын үйлерден алыс орналасқан. Зауыт Түркия қорғаныс министрлігі мен ішкі істер министрлігінің тапсырыстарын орындайды.