Accessibility links

Ресей Одессаны дрондармен атқылады. Үш адам қаза болды, 26 адам жараланды


Ресей әскері 10 маусымға қараған түні Украинаның Одесса облысын дрондармен атқылады. Соның салдарынан үш адам қаза болып, 26 адам жараланды. Бұл жөнінде Одесса облыстық әскери әкімшілігіне қарасты қоғам кеңесінің жетекшісі Сергей Братчук хабарлады.

Оның айтуынша, украин жағының әуе қорғаныс жүйесі 8 дрон-камикадзе мен екі ракетаны жойған. Украина қарулы күштерінің "Оңтүстік" жедел басқармасының мәліметіне қарағанда жарылған дрондардың бірінің бөлшегі пәтерлердің біріне түсіп, өрт тұтанған.

Кейін Одесса облыстық әскери әкімшілігі аймақ басшысының мәлімдемесін жариялады. Онда Ресей әскері аймақты ирандық Shahed-136/131 дрондармен шабуылдағаны айтылған.

Братчук сонымен бірге Одесса облысында бір ракета жағалауға түсіп, жарылыстан үш адам зардап шеккенін айтты.

Украина әке күштері Ресей Одесса облысынан бөлек Харьков және Полтава облыстарын дрондармен атқылағанын мәлімдеді. Украинадағы әскери және маңызды инфрақұрылым нысандарына барлығы 8 ракета мен 35 дрон жіберілген. 2 ракета мен 20 дрон атып түсірілген.

Харьков облысы прокуратурасының хабарына қарағанда, Купянск ауданында дрондар шабуылынан 29 жастағы ер адам қаза болған, 39 және 54 жастағы ер адам жараланған.

Ал Херсон облысының Ресей тағайындаған басқыншыл әкімшілігінің жетекшісі Владимир Сальдо су басқан аудандардан эвакуацияланған халықты уақытша шоғырландыру пунктеріне соққы жасалғанын хабарлады. Оның сөзінше, бір әйел қаза болған. Сальдоның айтуынша, британдық Storm Shadow ракеталарымен соққы жасалған болуы мүмкін. Ол шабуылға "Киев режимі" мен "мұхиттың ар жағындағы әскери қылмыскерлерді" кінәлаған.

Ресей билігі аннексиялап алған Қырымның жетекшісі де Сергей Аксенов сенбі күні таңертең украин армиясы жіберген баллистикалық ракеталар атып түсірілгенін хабарлады. Зардап шеккендер жоқ.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG