Accessibility links

Еріктілер: Днепрдің сол жағалауында 400-ге жуық адам із-түзсіз жоғалған


Каховка су электр станциясының бөгеті жарылған Украинаның Херсон облысында Днепрдің сол жағалауында 374 адам із-түзсіз жоғалған. Бұл аумақ Ресей әскерінің бақылауында. Бұл жөнінде еріктілердің мәліметіне сүйенген "Агентство" басылымы жазды. Үшеуі қаза болған болуы мүмкін деп айтылады.

Су астында қалған ірі елдімекен Алешка қаласына еріктілердің кіруі қиындаған. Қалаға кіреберісте блокбекет тұр. Ол арқылы тек Ресей төтенше жағдай министрлігі қызметкерлері мен Ресей әскерін қолдайтын еріктілер ғана кіре алады. Қалғандары Алешкаға су арқылы ғана бара алады.

Еріктілер үйлестірушісінің айтуынша, эвакуация бойынша 1700-ден астам өтініш келіп түскен. Әрбір өтініш әдетте бірнеше адамның атынан жазылады.

Украина ІІМ мәліметінше, СЭС апатынан кейін 27 адам із-түзсіз жоғалған. Бес адам қаза болған. Херсон облысында 50-ге жуық елдімекен су астында қалған. 30-дан астамы Киев бақылауындағы аумақта. 2,5 мыңнан астам адам эвакуацияланған.

Николаев облысында 30-дан астам елдімекен су астында қалған. Ол жақтан шамамен мың адам қауіпсіз жерге көшірілген.

Каховка су электр станциясының бөгеті 6 маусымда жарылған. Мәскеу мен Киев оқиғаға бір-бірін кінәлайды.

Америка барлау қызметіне сүйенген америкалық БАҚ апаттың ар жағында Ресей тұрған болуы мүмкін деген болжам айтады, алайда оған тиісті дәлелдер келтірген жоқ. Журналистердің жазуынша, АҚШ спутниктері 6 маусымға қараған түні Каховка су электр станциясында жарылыс болғанын көрсеткен. Ол алдын ала ұйымдастырылған болуы мүмкін деген де болжам айтылады.

Тағы бір болжам бойынша, су бөгеті бұрынғы атқылаулар мен Ресей жағының су электр станциясы бөгетін дұрыс күтпегендіктен жарылуы мүмкін. Мамандардың айтуынша, Ресей жағы су қоймасындағы су деңгейін қалыпты дәрежеде ұстамаған.

"Укргидроэнерго" хабарлауынша, Каховка қоймасы суының үштен бірі ағып кеткен. Никополь ауданында су деңгейі сенбі күні таңертең жұмамен салыстырғанда бір метрге түсіп, 10,5 метр болған.

XS
SM
MD
LG