Украинаның НАТО-ға қосылуын ресми түрде қолдаған елдер саны 20-ға жетті деп мәлімдеді Украина президенті кеңсесі жетекшісінің орынбасары Игорь Жовква.
Ол Киевте жүрген Канада премьер-министрі Джастин Трюдомен сенбі күні қол қойылған Канада-Украина декларациясына сүйенген. Онда Оттава "қолайлы жағдай туа салысымен" Украинаны НАТО-ға қосуды ресми түрде қолдайды деп жазылған.
Жовкваның пікірінше, бұл "Үлкен жетілік" елдері арасында айтылған ең қуатты тұжырым.
Бұған дейін Украина солтүстікатлантикалық одақтың 19 мүшесімен осындай ортақ декларацияға қол қойған. Барлығында Украинаның НАТО-ға қосылуын қолдайтыны жазылған, алайда әрқалай тұжырымдалған. Мысалы, Германия, Италия, Франциямен қол қойылған құжатта "Украина НАТО құрамына болашақта кіреді" деп жазылған.
Польша мен Балтық елдері өз ұстанымдарын анығырақ тұжырымдап, Украинаны мүмкіндігінше тезірек қабылдауға үндеген. НАТО құрамында қазір 31 ел бар.
Шілде айында Вильнюсте НАТО саммиті өтеді. Онда Украинаның солтүстікатлантикалық одаққа қосу мәселесі де талқыланады деп айтылады. Украина билігі Ресеймен соғыс жалғасып жатқан тұста өзін НАТО құрамына қоспайтынын жақсы біледі. Алайда НАТО-дан соғыс аяқталғаннан кейін одаққа қосатыны жөнінде уәдесін алғысы келеді.
Украина президенті Владимир Зеленский бұған дейін Украина НАТО-ға қосылу жөнінде нақты белгі алмаса, Вильнюстегі саммитке қатысудың мәні жоқ деген.
Украинаның НАТО-ға қосылуына Ресей үзілді-кесілді қарсы. Ол Киевтің одаққа қосылуға ұмтылысын қатер деп атап, Украинаға басып кіруіне сол да себеп болғанын айтқан. НАТО "Ресей солтүстікатлантикалық одаққа жаңа мүше алуына вето қоя алмайды" деп мәлімдеген.