Accessibility links

Еріктілер: Су басқан Голая Пристань қаласын Ресей карантинге жауып тастаған


Голая Пристань қаласы.
Голая Пристань қаласы.

Каховка СЭС-і жарылғаннан кейін су астында қалған Голая Пристань қаласын Ресей карантинге жауып тастаған. Украинаның Херсон облысындағы бұл қала Ресей әскерінің бақылауында тұр. Зардап шеккен аудандардың халқына көмек беріп жүрген еріктілер мұны "Медуза" мен "Агентствоға" айтқан.

Еріктілердің сөзіне қарағанда, қалаға кіруге де, шығуға да тыйым салынған. Сол себепті қала тұрғындарына гуманитарлық көмек беру мүмкін емес.

Еріктілердің сөзіне сілтеген "Агентство" хабарына қарағанда, 10 маусымда қаланы Ресей әскери қызметкерлері аралап, 11 маусымда Голая Пристань карантинге жабылатынын дауыс зорайтқышпен естірткен. "Медузамен" сөйлескен адам да бұл ақпаратты растаған. Еріктілер мұның себебі су апатынан өлгендердің көптігіне байланысты болуы мүмкін дейді. Ресей билігі сегіз адам ғана өлгенін хабарлаған.

Еріктілердің сөзінше, су астында қалған елді мекендерде өмір сүретін жүздеген адам хабар-ошарсыз кеткен.

Украина билігі халықты Днепрдің сол жағасына эвакуациялауға тырысып жатыр. Бірақ жексенбіде Ресей әскері қайықты атқылап, үш адам өлген.

6 маусымда Каховка СЭС-і жарылған. Украина оны Ресей әдейі жарды деп есептейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG