Швеция үкіметі кезектен тыс отырысында Анкара террорлық ұйым деп есептейтін Күрдістан жұмысшылар партиясын жақтаушылардың бірін Түркияға экстрадициялау жөнінде шешім қабылдады. Мұны Швецияның SVT қоғамдық телеарнасы хабарлады.
2013 жылы Түркия соты есірткі сатумен айналысты деп айыптап, төрт жыл жеті айға соттаған 35 жастағы Түркия азаматы осылайша Анкараға қайтарылуы мүмкін.
30 мамырда Швецияның Жоғарғы соты экстрадиция туралы заң мен Адам құқығы жөніндегі Еуропа конвенциясы бойынша оны Түркияға беруге еш кедергі жоқ деген қаулы алған.
Швеция Жоғарғы сотында ісі қаралып жатқанда, Түркия азаматы "Анкара Күрдістан жұмысшылар партиясын қолдағандықтан сұрап отыр" деген.
Оның сөзінше, шартты жазамен бостандыққа шыққан соң Түркиядан заңды түрде кеткен және заңды түрде жұмыс істеуге Швеция да рұқсат берген.
Телеарна мәліметіне қарағанда, Швеция НАТО-ға кіруге өтініш бергелі бірінші рет Түркия сұранысын қанағаттандырып отыр.
- Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін бұрын бейтарап болған Швеция көршілес Финляндиямен бірге НАТО-ға кіруге өтініш берген.
- Биыл сәуірде Финляндия ресми түрде НАТО-ға қабылданып, 31-мүшесі болған. Швеция кандидатурасына НАТО мүшесі Түркия қарсы шыққан. Анкара Швециядан саяси баспана алған Күрдістан жұмысшылар партиясының 100-ден астам белсендісін қайтаруды талап еткен.
- Мамырда Швеция парламенті терроризммен күрес заңын қатайтып, экстремистік ұйым мүшелерін сегіз жылға дейін қамайтын жаза енгізген. Бұл өзгеріс 1 маусымда күшіне енеді.
ПІКІРЛЕР