Accessibility links

Лукашенко: Соғыстың басында Путин Қырымға қатысты келіссөзге дайын болды


Александр Лукашенко.
Александр Лукашенко.

Беларусьтің авторитар басшысы Александр Лукашенко "Россия 1" телеарнасының жүргізушісі Ольга Скабееваға берген сұхбатында былтыр наурыз айында Ресей президенті Владимир Путин Қырымның мәртебесі жөнінде Украинамен келіссөз жүргізуге дайын болды деді.

Лукашенконың сөзінше, Путин оған делегация өкілдерімен келісілген Украинамен бейбіт келіссөз жөніндегі жобасын берген. Құжатта аннексияланған Қырымды "ұзақ мерзімге жалға алу" мен Донбассты Түркияда өтетін Ресей мен Украина басшылары арасындағы келіссөзде талқылау ұсынылған.

"Егер Ресей бұл құжатты қазір оқыса, жынданып кетер еді. Себебі бұл Ресейге тіптен де пайда әкелмейтін еді. Бірақ Ресей келіскен еді" деді Лукашенко.

Бейбіт келісім жөніндегі жоба туралы Украина президенті кеңсесінің бұрынғы кеңесшісі Алексей Арестович те айтты. Оның сөзінше, 2022 жылғы көктемде орыс армиясы көп шығынға ұшырағаннан кейін Ресей бұрынғы талаптарынан бас тартқан, арасында Қырым мен Донбассты бақылау да болған. Ол талаптардың ішінде Украина қарулы күштерінің санын 50 мың адамға дейін азайтып, Украинада орыс тілі мәртебесін екінші мемлекеттік тіл деңгейінде енгізу туралы талаптар сақталып қалды.

Арестовичтің сөзінше, келіссөз жүргізетін тараптар Путин мен Зеленскийдің кездесуіне дайындалып жатты. Бірақ соңғы сәтте Украина президенті Ресеймен келіссөз жүргізуден бас тартты. Оған басты себеп – Буча қырғыны, Ресей әскерилерінің бейбіт тұрғындарды азаптап өлтіруі.

Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін орыс және украин делегациясы біраз уақыт Беларусь пен Түркияда келіссөз жүргізді.

Стамбулда кездесу кезінде алдын ала келісілген құжатқа сәйкес, Украина НАТО-ға кіруден бас тартуы қажет және Қырым мәртебесін шешу кейінге қалдырылады. Бірақ бұл құжаттарға қол қойылмады.

Сәрсенбі күні Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Александр Лукашенконың Қырымға қатысты айтқанын теріске шығарды. "Жоқ, олай емес. Қырым – Ресейдің бір бөлшегі, Ресей аумағы" деді Песков.

Былтыр Киев облысындағы Буча қаласын Ресей басып алып, бір айдай ұстап, кейін Украина әскері азат еткен. Буча қаласынан азаптан өлген жүздеген адамның мәйіті табылды. Бұл оқиғаның тірі куәгерлері де болды. Украина Ресейді әскери қылмыс жасады деп айыптады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG