Қырғызстан билігі әскери доктринаға "сыртқы агрессия" ұғымын енгізбекші, ал президент Садыр Жапаров Қырғызстан "кез келген басқыншыға тойтарыс беруге дайын" деп мәлімдеді.
Қырғызстанның әскери доктринасына "сыртқы агрессия" ұғымын енгізу туралы ұсыныс 13 маусымда өткен Қауіпсіздік кеңесінің отырысында айтылды.
Бастама авторы Қырғызстан сыртқы істер министрі Жээнбек Кулубаев әскери доктринаға "агрессия" немесе "сыртқы агрессия" ұғымын міндетті түрде енгізу қажеттігін атап өтті.
– 2021 және 2022 жылдары не болғаны естеріңізде ме? Сол себепті басқыншылыққа тойтарыс беретін әрекеттер осы доктринаға енгізілуі керек, – деді сыртқы істер министрі.
2021 жылы сәуірде және 2022 жылы қыркүйекте Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасында болған қақтығыстың соңы қантөгіске ұласқан. Тараптар бір-бірін "шабуылдады және ауыр техника қолданды" деп айыптаған. Халықаралық Human Rights Watch адам құқығын қорғау ұйымы 2022 жылы қыркүйекте төрт күндік қақтығыс кезіндегі қырғыз және тәжік билігінің әрекетін "әскери қылмысқа балауға болады" деп мәлімдеген.
Қырғызстан ақпарат құралдарының жазуынша, президенттер Садыр Жапаров пен Эмомали Рахмон 2 маусымда Шолпон-атада өткен Орталық Азия және ЕО басшыларының саммиті кезінде келіссөз жүргізген. Екі ел басшысы шекара мәселесі бойынша "нәтижелі келіссөз жүргізуге және өзара құрмет пен сенім негізінде екі жаққа бірдей ұтымды болатын шешімді іздеуге" келіскен. Мәселелерді саяси-дипломатиялық жолмен шешу қажеттігін айтқан.
Қауіпсіздік кеңесі отырысы кезінде Қырғызстан басшысы әскери доктринаға "сыртқы агрессия" ұғымын енгізуге келіскен. Жапаров "кез келген қақтығысқа жол бермеуге немесе оны дипломатиялық жолмен шешуге болады" деп мәлімдеген.
– Біз ішкі және сыртқы саясатта осындай принципті ұстанамыз. Дегенмен бізге қарулы басқыншылық жасалып, азаматтарымыз опат болса және үйлеріміз бен инфрақұрылымдарымыз өртеніп жатса, қол қусырып қарап отыра алмаймыз. Біз кез келген басқыншыға жауап беруге әзірміз, – деді Жапаров.
Қырғызстанның әскери доктринасы әзірленіп жатқаны қырғыз-тәжік шекарасындағы қарулы қақтығыстан кейін бір жыл өткен кезде, былтыр мамыр айында айтыла бастаған.
Садыр Жапаров 13 маусымда әлемдегі жағдай "әскери және мемлекеттік жүйені нығайту қажеттігін" еске түсірді, соған орай "мемлекеттің әскери қауіпсіздік пен қорғаныс салаларына көзқарасын қайта қарау қажет" деп мәлімдеген.
Жапаров Қырғызстан алғаш рет 30 жылда өз шекарасы мен азаматтарын қорғауға қажет соңғы үлгідегі қару сатып алды деп мәлімдеді.
– "Байрактар" дрондарын ғана емес, өзге де [қару түрлерін] сатып алдық. Әріптестеріміз бен одақтастарымыздан Орталық Азияда теңдесі жоқ жаңа қару түрлерін сатып алдық. Бюджет қаржысы есебінен қорғаныс министрлігінің бес тікұшағына толық жөндеу жүгізілді. Жаңа Ми-17 Б5 тікұшағы сатып алынды және Ми-17 тікұшақтарын алу жоспарда бар. Елдің қорғаныс қабілетін арттыру мақсатында жаңартылған "Печора" мобильді зенит зымыраны кешені сатып алынды. Ол әуе шабуылынан қорғауға көмектеседі. Осы жұмыс аясында Ресеймен бірігіп аймақтық әуе қорғаныс жүйесін құрдық, – деді Жапаров.